АЛМАТЫ ЖӘНЕ ШЫМКЕНТ ЖАСТАРЫ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНА РИЗАШЫЛЫҒЫН БІЛДІРДІ

Ағымдағы жылдың 2-3 қазанында Алматы және Шымкент қалаларының жоғарғы сынып оқушылары Елбасы кітапханасында бас қосты. Елуге жуық қатысушы игі дәстүрге айналған «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингін тәмамдап, әсерлерімен әлеуметтік желіде белсенді бөлісіп жатыр.

– Әуелі бойымыздағы білімнің толықтырылып, икемнің тереңдетілуіне бар күшін жұмсаған ұстаздарға басымды иіп, достықтың мәнін, қолдау танытудың маңызын түсінуге көмектескен құрдастарыма алғысымды айтсам деймін. Мұның бәрі – семинар-тренингті ұйымдастырып отырған Елбасы кітапханасының жемісі. Үйден алыс жерде жатырқайтын адам болсам да, аталмыш іс-шараның арқасында екі күн бойы кеудем тыныштық пен қуанышқа толып, көңілім көтеріңкі, еліме, айналама, өзіме сенімім жоғары болды. Одан алар тәжірибенің кез келгенге құнды болары сөзсіз. Сол себепті, бұл үлгідегі керемет шаралар елімізде ілгері дами берсе деп тілеймін, - деді Шымкент қаласы №8 гимназиясының оқушысы Ариана Кеңбаева.

Семинар-тренингтің екінші күнімен тұспа-тұс келген «Абай оқулары» әдебиет сайысының марапаттау рәсіміне жастар қызыға қатысты. Әлеуметтік желілерде жыл сайын жарияланатын сайыс биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр.

– Іс-шараның алғашқы күнінде-ақ мазмұнды ақпараттың орасан зор ауқымын зейінімізге сіңірдік. Күнсұлу Серікқызы, Ғазиз Тұрысбекұлы, Сағынтай Кеңесқызы, Күнзия Ағымбайқызы сынды Елбасы кітапханасының білікті мамандары оқушылардың үйреншікті оқу процессін ұмытылмас үлгіде жүргізді. Олардың арқасында біз мемлекет алдындағы жауапкершілікті терең ұғынып, өз күшімізге деген сенімділікті де арттырдық. Осы тұста семинар-тренинг егемендік пен бірліктің тізгінін ұстап, ел болашағының жетістік пен жеңіске, бейбіт өмір мен күн нұрына толы болуын қамтамасыз етудің баршаға ортақ міндет екенін өскелең ұрпаққа жеткізе білді. Оның әр қатысушысы Қазақстанды гүлденудің жаңа кезеңіне нық қадаммен ертетінін сеземін. Елбасы кітапханасы бүгінде өзектілігі зор іс-шараны қолға алған. Бұл жұмыстың жемісі мол болары айдан анық, - дейді Алматы қаласы №15 гимназиясының оқушысы Даниил Литош.

    

Қазақтың ұлы ақыны, жазба әдебиетінің негізін қалаған тұңғыш классик, ағартушы, сазгер Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған байқау дана ойшыл мұрасын жастар арасында насихаттауды, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдауды көздейді.

«Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингінің қатысушылары марапаттау рәсімінде ойнатылған викториналарға белсенді қатысып, дұрыс жауаптарымен ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Жастарға екі күндік іс-шарадан естелік ретінде кітаптар мен оқу курсының тәмамдалғанын растайтын сертификаттар таратылды.