2019 жылғы 8 наурызда Қазақ КСР халық әртісі Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен театр және кино саласы майталманының мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде ұйымдастырылмақ.  

Әмина Ерқожақызы қазақ театры сахнасында 68 жыл бойы қызмет етіп, 150-дей рөл сомдады. Кино саласына сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. «Амангелді», «Алыптың әні», «Ақ раушан» қазақ көрерменіне кеңінен таныс. Дегенмен оны танымал еткен 1945 жылғы «Абай өлеңдері» фильміндегі Ажардың рөлі. Осы рөл арқылы ол қазақ кинематографиясының элитасы қатарына кірді. 1945-1963 жылдар аралығында «Жамбыл», «Қыз жігіт», «Қанатты сый», «Әрі қалжың әрі шын» фильмдерінде шеберлік танытты. Сондай-ақ «Ана туралы жыр», «Тақиялы періште», «Жұлдызыңды сақта», «Мама Роза», «Шаңырақ» картиналарында қазақ анасының бейнесін нанымды сомдады. 

Ә.Өмірзақова 1919 жылы 8 наурызда Шығыс Қазақстан облысындағы Абай ауданының Қарауыл ауылында дүниеге келеді. Әмина Өмірзақова әкесі Ерқожадан ерте айырылыпағасы Қаптағайдың тәрбиесімен өседі.  

1934 жылы болашақ актриса Ленинград қаласындағы театр мен кино өнері институтының жастарды оқуға шақырған хабарландыруын көреді. Кейін жолы болып оқуға түсіп, актерлік шеберлік мамандығы бойынша білім алады. Небәрі 15 жастағы Әмина Өмірзақова КСРО халық әртісі Василий Меркурьев пен профессор Ирина Мейерхольдтан білім алып, актерлік техниканың қыры мен сырын меңгере бастайды. Институт қабырғасында жүріп «Ленфильмнің» көптеген туындысында екінші деңгейлі рөлдерді сомдап, кино әлеміне қадам басады. 

1938 жылы Ленинградтағы мемлекеттік сахна өнері техникумының қазақ студиясын бітірген Әмина Өмірзақова сол жылы Шымкент облыстық драма театрына жұмысқа орналасады. Көп ұзамай ол М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына жұмысқа кіріп, 1940 жылға дейін ол жерде «Амангелді», «Комсомольск» фильмдеріне түсіп үлгерді.  

Жетістіктерінің көп болғанына қарамастан, Әмина Өмірзақованың тағдыры бақытқа толы болды деп айту қиын. Себебі қазақтың зиялы қауым өкілдерімен бірге оның ағасы да репрессияға ұшырап, соғыс қарсаңында оны театрдан шығарып жібереді. Жақын адамдары теріс айналып, афишалардың барлығынан дерлік есімін алып тастайды. 

Соғыс жылдары «Мосфильм» мен «Ленфильм» киностудиялары Алматы қаласына көшіп келіп, елдегі кинолардың 80% осы жерде түсіріледі. Көп ұзамай кино саласының дамып келе жатқанын білген Әмина Өмірзақова монтаждаушы мамандығын меңгеріп, кейін «Қазақфильмнің» мұздай суық студиясында күн-түн демей жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бірде оны шеберханада отырған жерінен танымал режиссер Григорий Рошаль байқап қалады. Осылайша режиссер «Абай әндері» фильміне басты рөлді сомдайтын кейіпкерді табады. 

Наталья Сацтың бастамасымен 1945 жылы ашылған жасөспірімдер мен балалар театрының төрінде Ә.Өмірзақова 100-ден астам рөлді сомдайды. 1945-1963 жылдар аралығында «Жамбыл», «Қыз жігіт», «Қанатты сый», «Әрі қалжың, әрі шын» фильмдерінде шеберлік танытты. Ал, «Ана туралы жыр», «Тақиялы періште», «Жұлдызыңды сақта», «Мама Роза», «Шаңырақ» картиналарында қазақ анасының бейнесін нанымды сомдады. 1958 жылы ол Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі атағын алады. 

«Ана туралы жыр» фильмінде сомдаған басты рөлі үшін Ә.Өмірзақова Мемлекеттік сыйлықты иегері атанып, 1964 жылы Ленинградта өткен Бірінші жалпы кеңестік кинофестивальде үздік әйел рөлі үшін марапатталады.  

– Фильм Іле Алатауы баурайында ағып жатқан Сарыжаз көлінің маңайында түсірілді. Түсірілім тобы жаз бойы ауылда болды. Егіс пен егін жинау жұмыстарына ат салысып, ауыл өмірімен тыныстауға тырыстым. Қайғы кешкен ананың рөлін шынайы сомдау үшін киностудия берген жаңа киімдерді ауыл тұрғындарының киіміне ауыстыруды жөн шештім. Түсірілім жұмысы аяқталған соң, жалғыз ұлынан айырылып қалған бас кейіпкердің тағдырына жаным ашып, тоқтаусыз жыладым, - деп Әмина Ерқожақызы есіне алатын. 

Сахна өнері саңлағының Балалық шағы, Ленинградтағы оқуы, шығармашылық қызметі, болашақ жары, белгілі актер Кәмәси Өмірзақов пен балалары туралы естеліктері әртіс өмірден озған жылы жарық көрді. 2006 жылы жарыққа шыққан «Әмина Өмірзақова» кітабының авторы – Сейілғазы Әбдікәрімов. Бүгінде ол Елбасы кітапханасында сақтаулы.