Елбасы кітапханасында бас қосқан елорда колледждерінің оқытушылары 2018 жылғы 7 маусымда «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингін тәмамдады.

Екі күндік іс-шара аясында педагогтер Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлері – ғылым кандидаттары мен докторларының дәрістерін тыңдап, психологиялық жаттығулар мен практикалық жұмыстарда белсенділік танытты. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы өзекті мәселелерді пысықтап, бәсекеге қабілетті озық отыз мемлекеттің қатарына кірудегі мемлекеттік саясатымыздың теориялық-әдістемелік негіздері мен стратегиялық бағыттарын талдады. Біліктілігін арттыруға тырысқан олар «Аймақтық ынтымақтастық – Орталық Азия елдеріндегі тұрақтылықтың кепілі» халықаралық дөңгелек үстелінде ортаға салынған сауалдарды да тыңдады.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов сертификаттарды табыстау рәсімінде семинар-тренинг қатысушыларын құттықтап, жауапты қызметті атқаруда сәттілік тіледі.

Сертификатқа ие болған тыңдаушылардың әрқайсысына естелікке «Назарбаев моделі» кітабы тарту етілді.

Рәсім барысында Астана қ. Көп салалы колледжінің оқытушысы Гүлнар Ахметова сөз сөйледі:

– Естен кетпес іс-шараны ұйымдастырған Елбасы кітапханасының басшылығы мен қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Семинар-тренингтен біз жаңа білім мен оң әсер алдық. Жұмыла жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеріп, топты ынталандырудың амалын үйрендік. Дәріскерлердің парасат деңгейі мен сөз шеберлігіне тәнтіміз. Мекеменің абыройы ғимараттың табалдырығын аттаған сәттен-ақ сезіледі. Осы орайда педагогтер қауымы атынан сіздерге толағай табыстар тілейміз!