2018 жылғы 20 маусымда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында танымал кескіндемеші, график, публицист, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Жеңіс Кәкенұлының «Астана суретші көзімен» атты жеке көрмесі ашылды.

Елорданың 20 жылдығына орай, Елбасы кітапханасы еліміздің астанасынан сыр шертетін тақырыптық көрмемен іс-шаралар тізбегін жалғастырады.

– Бүгінгі көрменің маңыздылығы қай тұрғыдан алсақ та айрықша өзекті. Біріншіден, ол Астана мерейтойы қарсаңында елордаға тарту ретінде ұйымдастырылып отыр. Екіншіден, оның авторы, әріптесіміз Жеңіс Нұрлыбайдың қолтаңбасы Елбасы кітапханасының бірқатар ірі жобаларынан кездеседі. Үшіншіден, атаулы көрме маңызды ғылыми, мәдени, білім беру және талдау жобаларын жүзеге асырушы орын саналатын Елбасы кітапханасының шығармашылық тұстары мен жан-жақтылығын көрсетеді. Автордың жұмыстары күнделікті дала өркениетіндегі урбанистік мәдениеттің философиялық мәнін шебер бейнелейді. Жеңіс Кәкенұлы көптеген эсселер мен мақала жинақтарының авторы екенін ескерсек, оның өнеріне публицистикалық дарыны мен көсемсөз қасиеті себепкер деп сеніммен айта аламыз, - деді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов.

Жеңіс Кәкенұлының сөзіне сүйенсек, Алматыдан елордаға 20 жыл бұрын көшіп келген суретші Астанада 2-3 жылдай ғана тұруды көздеген екен:

– Мемлекет астанасының көркейіп-өсуін 20 жыл бойы өз көзіммен бақыладым. Бас қаланың мен үшін орны ерекше болғандықтан, вернисажға 20 картина, 20 фотосурет дайындауды жөн санадым. Фотосуреттер «Клод Моне рухына арнау» атты серияға бірікті. XIX ғасырда К. Моне Руан соборына арнаған суреттер сериясында жарықтың, түстер үйлесімділігінің кей ерекшеліктерін бейнелегісі келді. Мен де Астана сұлулығын күнделікті үй терезесінен тамашалап, сүйікті қаланы түрлі ауа райы мен тәулік уақытында, жыл мезгілдерінде суретке түсіруді көздедім. Нәтижесінде 2007 жылдан бастап 500-ге жуық сурет түсірілді. Ал «Астана кескіндері» топтамасын даярлауда кескіндеменің әр алуан техникалары мен әдістері қолданылды. Соның ішінде Астанада алғаш салынған «Қаладағы қоян» картинасы мен үшін аса ерекше. Көрермендер назарына сонымен қатар графикалық 10 жұмыс ұсынылды. Көрме жалпы есеппен 50 жұмыстан құрылды, - дейді ол.

Жеңіс Кәкенұлының туындыларына көрермендер қашан да тәнті. Ал суретшінің саладағы әріптестері оның шығармашылығына жоғары баға беретінін жасырмайды. Осы орайда белгілі суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Қоңыр Мұхамадиев былай дейді:

– «Астана суретші көзімен» көрмесінің жұрт көңілінен шықпауы мүмкін емес. Оның өзі де, авторы да тамаша. Жеңісті адал, ақкөңіл, дарынды адам ретінде танимын. Қылқаламынан тамған оның картиналары көрерменге кіршіксіз таза сезім сыйлайды. Автордың фотосуреттері мен үшін бір жаңалық болды. Астананың таныс жерлері назарымызға жаңа қырларынан ұсынылды. Келушілердің көрмеден оң әсер алатынына сенімдімін.

Жеңіс Кәкенұлы – Мәдениетті қолдау жылы эмблемасының авторы (2000 ж.), 2009, 2010 жж. Президент стипендиясының лауреаты. Семей қаласындағы Невзоровтар әулетінің музейінде, сондай-ақ АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында көпшілік назарына ұсынылған оның жұмыстары жұртшылықтың оң пікіріне ие болды. Бүгінде авторлық туындылар Қазақстанмен қатар Ресей, Молдова және Түркия елдерінің жеке топтамаларында сақтаулы.

 

Жеңіс Кәкенұлы сурет, графика, компьюарт сынды түрлі бағыттарда жұмыс істейді. Оның шығармашылығы рухани үйлесімділікке, поэзиялық бейнелер мен сезімдердің үндестігіне ұмтылған. Әрбір жұмысы қайталанбас бірегейлікке ие суретші туындыларының топтамасы көрермендерді рухани сусындатпақ.

«Астана суретші көзімен» көрмесі 2018 жылдың 10-шы шілдесіне дейін жалғасады.