2018 жылдың 26 қарашасында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Гүлзат Көбенова мен Геосаясат және аймақтық зерттеулер қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Жансая Жабина Тұңғыш Президент күніне орай ҚР Парламент Мәжілісі ұйымдастырған «Астана – жаһандық интеграция, қауіпсіздік және бейбітшілік орталығы» халықаралық парламенттік конференциясына қатысты.

Конференцияның пленарлық сессиясына ҚР Парламенті  Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин, ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі Заң шығарушы палатасының спикері Нурдинжон Исмоилов, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисі төрағасының бірінші орынбасары Зияфет Аскеров,  Италия депутаттар палатасының вице-спикері Этторе Розато, Қырғызстан Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасының орынбасары Әсел Кодуранова, Литва Республикасының Сеймі төрағасының орынбасары Ремигиус Жемайтайтис, Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары Сергей Неверов, Түркияның Ұлы Ұлттық мәжілісінің вице-спикері Мұстафа Шентоп қатысты.

Мəжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Шын мəнінде, əлемдік саясаткер, тарихи тұлға Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың көреген, салиқалы саясатының арқасында жаңа Қазақстанның, жаңа экономиканың, жаңа қоғамның іргесі қаланды. Мемлекеттің шекарасы бекітіліп, дамудың қазақстандық жолы қалыптасты. Бүгін міне, бірлігі жарасқан, болашағы жарқын, тəуелсіз еліміз бүкіл əлем таныған абыройлы, беделді жəне мəртебелі мемлекетке айналды», - деп парламенттік конференцияны ашты.

Қазақстан Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдама мақаласының маңыздылығына тоқталған ол, бұл іргелі еңбектің еліміздің идеологиялық өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтті.

Конференция жұмысы «Астана векторы: сенімділік, қауіпсіздік және ынтымақтастық» және «Қазақстанның жаһандық бастамалары: бейбітшілік пен келісім идеяларын ілгерілету» тақырыбындағы екі пленарлық сессия бойынша жалғасты. Жиын жұмысында Италия, Ресей, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Литва және Өзбекстан Парламенті өкілдері және Германия, Үндістан, Қытай, Швеция және басқа елдердің сарапшылары мен халықаралық ұйым мүшелері Мемлекет басшысының әлемдік қауымдастық тарапынан танымал әрі құпталған өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы жаһандық бастамаларын талқылады.

Халықаралық парламенттік конференцияның қорытындысында іс-шараның модераторы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева конференция қатысушылары мен қонақтарына алғысын білдірді. Сондай-ақ  Мемлекет басшысының күш-жігерінің арқасында Қазақстан Республикасы бүкіл Орталық Азияның дамуы мен тұрақтылығының әлемдік қоғамдастық кепілі ретінде аймақтағы басты серіктесі екенін атап өтті.

Қазақстанның  Еуропадағы және мұсылман әлеміндегі ірі халықаралық ұйымдарға басшылық етуі – әлемдік қоғамдастықтың Президент Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатына деген жоғары сенімінің дәлелі.