АСТАНАДА «ҚАЗАҚСТАН – СПОРТТЫҚ ЕЛ» ТУРНИРІ ӨТТІ

2018 жылдың 29 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Тұңғыш» бастауыш партия ұйымының командасы «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық «Бірлік» филиалы ұйымдастырған «Қазақстан – спорттық ел!» спорт турниріне қатысты.

«Бірлік» филиалы төрағасының кубогы үшін бастауыш партия ұйымдары арасындағы командалық жарыстар салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты дамытуды насихаттау, орталық мемлекеттік органдар қызметкерлерін тұрғындар арасында дене шынықтыру мен және спортпен  белсенді түрде шұғылдануға тарту мақсатында дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі.

 

Аталған күні «Сарыарқа» республикалық велотрегінде «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдарының 33 командасы шахмат, үстел теннисі, волейбол және шағын футбол бойынша жарысқа түсу үшін жиналды.

Турнирдің салтанатты ашылуынан кейін алдымен волейбол және шағын футбол ойындары ұйымдастырылды, содан кейін үстел теннисі мен шахмат бойынша негізгі жарыстар өткізілді. Турнир соңы  волейбол және шағын футболдың финалдық ойындарымен аяқталды.

 

Жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Қаржыгер» командасы шахмат бойынша бірінші орынды жеңсе, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет» командасының мүшелері үстел теннисінен үздік деп танылды. Президент Әкімшілігі қызметкерлерінен құралған «Самғау» командасы, Орталық сайлау комиссиясы мен Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені волейбол және  шағын футбол бойынша жарыстардың жеңімпаздары атанды.

Барлық жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жалпыкомандалық бірінші орын мен «Бірлік» филиалы төрағасының кубогына  «Самғау» командасы ие болды.

– Әрине, мықтылар жеңіске жетті. Спорт сайысының мәні осыда. Бірақ мұнда жеңілгендер де жоқ. Жарыста жеңіс пен жеңіліс маңызды емес. Біз бұл күнді белсенді демалысқа арнадық, дайындығымызды бақылап, әріптестерімізді жақынырақ танып, командалық рухымызды шыңдадық. Болашақ жеңістерге жету үшін жаттығуға деген ынтамызды арттырып қайттық, - деп атап өтті «Тұңғыш» бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары, Елбасы кітапханасы Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің жетекшісі Ерден Ордабек.