2018 жылғы 24 қазанда Назарбаев орталығының ғимаратында «Азаматтық қоғам және мемлекет: Қазақстан халқына арналған Жолдауда жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру аясында тиімді ынтымақтастықтың перспективалары» атты VIIІ қалалық азаматтық форум өтті.

Шараны Астана қаласының әкімдігі, Астана қаласының Қоғамдық даму басқармасы, «Астана КЕҰ форумы» ЗТБ, Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы кітапханасы мен Қоры бірлесе ұйымдастырды.  

Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов,  Қазақстан Республикасы Парламентінің және қалалық мәслихаттың депутаттары, Астана қаласы мемлекеттік органдарының басшылары, ҮЕҰ, саяси партиялар өкілдері, БАҚ және тағы басқалары қатысты.

Форумның мақсаты – ашық диалог және қоғамның ұлттық бірлігін нығайту, азаматтық бастаманы дамыту үшін   үкіметтік емес ұйым мен мемлекеттік органдар өкілдерінің күш-жігерін жұмылдыру.

- Қазіргі уақытта ағымдағы жылдың 27-28 қараша күндері Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін VIIІ Азаматтық форумға дайындық жүргізілуде. Осыдан 15 жыл бұрын Астанада өткен алғашқы форум үкіметтік емес ұйымдарды институцияландыру кезеңін бастады. Қазақстанның Азаматтық альянсы құрылды. Астана өз кезегінде үкіметтік емес ұйымдардың дамуының басты көзіне айналды. Елордада функциональдық талдама негізінде  Қоғамдық даму басқармасы құрылды. Форум барысында аталған салаға қатысты жағымды жаңалықпен бөліскім келеді: Астанада үкіметтік емес ұйымдардың шаңырағына айналатын азаматтық бастамалар орталығының құрылысы басталды. Одан бөлек әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған бірқатар жобалар қолға алынуда. Осы бағытта арнайы сала мамандары шақырылып, коучинг оқытулар жоспарлануда. Сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінде әлеуметтік жобалардың карталары әзірленеді», - деп атап өтті ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев.

Әлеуметтік-экономикалық саяси дамудың әртүрлі деңгейінде үкіметтік емес ұйымдар рөлінің өсуі – қазіргі заманғы әлемдік дамудың басты бағыттарының бірі.  «Қазіргі уақытта ҮЕҰ-дар азаматтық қоғамдағы маңызды жұмыстарды орындаушы ғана емес, мемлекеттік әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда сенімді серікке айналды. Бүгінде Астана қаласының әкімдігі 30-дан астам ҮЕҰ-дармен бірлесе жалпы сомасы 463 миллион теңгеден тұратын 66 ірі әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруда. Бұдан басқа мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда ҮЕҰ-дар тарапынан  қоғамдық пікірді ескере отырып, жұмыс істеу мүмкіндігін туғызады. Сондықтан бүгінгі форумда біз қоғамды дамытуға бағытталған әрбір жоба мен басқа да шешілмей жатқан мәселелерді көтеріп, бірлесіп қарастыратын боламыз», - деді Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов.

- Азаматтық қоғамның басты мақсаттарының бірі – азаматтық бақылау. Яғни, бізге азаматтық бақылаудың қуатты жүйесін құру қажет. Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып, қоғамдық қабылдау түріндегі азаматтық бақылау жүзеге асты. Оны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрды. Дегенмен, біз бақылау үдерісіне азаматтық қоғам қатысушыларының басым бөлігі тартылып, оның жүйелі түрде жүргізілуін қалаймыз. Сонымен қатар, Жолдаудың орындалуы туралы бағаны Мемлекет басшысына тек мемлекеттік органдар ғана емес, сондай-ақ азаматтық қоғам тарапынан берілуін ұсынамыз ... Президенттің жаңа Жолдауы маған ұнады, себебі бұл жолы инфрақұрылымдық дамудан адами дамуға басымдық берілуі сынды оң өзгерістерді байқадым», - деп хабарлады Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Асылбек Қожахметов.

Алқалы жиында Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов та сөйледі.

– Ел тәуелсіздігінің символына айналған Қазақстанның жаңа елордасының қалыптасуына үкіметтік емес ұйымдар мен қалалық мемлекеттік органдардың бірлесе атқарған еңбектерінің тікелей қатысы бар деп есептеймін. Осы арада, елордалық азаматтық қоғам өкілдерінің әрқашан Президентіміздің стратегиялық бастамаларының жүзеге асырылуына қолдау көрсетіп келе жатқанын, мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс атқаратындарын айта кеткім келеді. Шығармашылық ахуалдан, тәжірибе алмасу, әртүрлі пікірталастардан тұратын Форум бағдарламасының жанжақтылығы - өзара  әрекеттестік пен ынтымақтастықтың жаңа жолдарын анықтауға мүмкіндік береді деп сенемін, - деген Әмірхан Мұратбекұлы форум қатысушыларының жұмысына сәттілік пен табыстар тіледі.

Сондай-ақ форум жұмысында «Социум Зерттеу» стратегиялық орталығы» ҚБ төрайымы Алтынай Нұркеева, Қазақстанның Азаматтық альянсының Астана қаласы бойынша президенті Арман Нұрғазин, «Астана КЕҰ форумы» ЗТБ президенті Баян Ахметжанова, «Аймақ» ҚБ төрайымы Айгүл Соловьева баяндамалары тыңдалды.

VIII қалалық азаматтық форумының қатысушылары Астана қаласындағы заманауи азаматтық қоғам дамуы мен жағдайының өзекті мәселелерін зерделей келе қарар қабылдады:

- үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттің ықпалдастығының серпінді дамуына жаңа күш беретін, азаматтық қоғаммен бірлескен  ынтымақтастықтың маңызын мойындау;

- азаматтардың әл-ауқатын және өмірлік сапасын жақсарту мақсатында азаматтық қоғамды әрі қарай дамытуға және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған әлеуметтік бастамаларды іске асыруда қолайлы жағдайлар жасауға жәрдемдесу;

- аймақтық ерекшеліктерді есепке алып, ынтымақтастықтың инновациялық механизмдерін енгізу арқылы үкіметтік емес ұйымдар, мемлекет пен бизнестің серіктестігі жүйесін дамыту; қоғамда әлеуметтік жауаптылық, тілектестік пен қоғам өміріне ортақтық сезімін өзекті ету мақсатында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін кеңінен тарту құралдары мен механизмдерін жетілдіру;

- Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруда қосымша интеллектуалды және ұйымдастырушылық ресурстарды тарту мақсатында қоғамдық ұйымдардың, сарапшылардың, бастамашылдардың әлеуетін пайдалануды жандандыру;

- үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес пен мемлекеттің сұхбат алаңдарда  жыл сайын үш жақты ынтымақтастық мәселелерін қарауды мемлекеттік органдарға ұсыну;

- көрмеде ұсынылған әлеуметтік идеялар мен жобаларды әрі қарай нығайтып іске асыру үшін бизнес-құрылымдардың өкілдерін форумға тарту.

Форум аясында Астана қаласының ҮЕҰ-дары жүзеге асырған әлеуметтік идеялар мен жобалар көрмесі өтті және ҮЕҰ-дардың ең үздік 10 әлеуметтік жобасы таңдалып, жеңімпаздар марапатталды.