2018 жылдың 11 маусымында Елбасы кітапханасының Музейінде елордамыздың 20 жылдығына арналған «Астана – болашақтың қаласы» мерекелік іс-шара өтті. Шараның негізгі мақсаты – Қазақстанның елордасына деген құрмет пен мақтаныш сезімін қалыптастыру, жас әрі табысты астаналықтардың бейнесі арқылы белсенді өмірлік ұстаным мен лидерлік қасиеттерді насихаттау.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов өзінің алғы сөзінде елорда жас әрі өршіл, жаңалыққа құштар және мүмкіндіктер ашуға талпынғандарды әрдайым тартатынын айтты.

– Біздің кездесуіміз 1997 жылдың 10 желтоқсанында Ақмоланың тәуелсіз Қазақстанның астанасы болып жарияланған Елбасы кітапханасы Музейінің ғимаратында өтуінің терең мәні бар. Қазір Астана – өз күш-қуаты мен шығармашылығын қаланың игілігіне сарп етіп, одан әрі қарай дамуға, қызықты жобалар мен өзін-өзі таныту мүмкіндігіне ие болатын белсенді жастардың қаласы. Біздің жас елордамыз сіздермен бірге өсіп келеді. Елорда құрдасы құрметті атақ, бірақ ол бәсекеге қабілеттілікке, үздік болуға, күресу мен жеңуге міндеттейді.

Кездесу кейіпкерлері – 1998 жылы туған, елордамыздың жергілікті жастары, Астананың құрдастары. Олар өздерінің жетістіктері мен жеңістері, оқитын оқу орындары туралы баяндады.

Елорданың тұсаукесер күні – 1998 жылдың 10 маусымында туған
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті Аида Беисова сол күннен бастап-ақ мерекелік жаңалықтардың репортажынан көріне бастады. Аида көптеген шығармашылық және музыкалық байқаулардың жеңімпазы «Кішкентай ару Астана-2005», «Қазақстанды шабыттандыратын кішкентай ару», «FIESTALONIA – KAZAKHSTAN» халықаралық байқауының «эстрадалық вокал» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленген.

– Астана менің өмірімде ерекше орын алады. Келешекте де өмірімді сүйікті елордамен байланыстыруды жоспарлап отырмын. Астана қарқынды дамып қана қоймай, жалпы Қазақстанның дамуына мықты серпін жасап келеді. Мен Астананы жақсы көремін және оның көркейгенін қалаймын, – деді Аида.

Назарбаев Университетінің 2-курс студенті Азамат Абдығалиев өзінің альма-матері елорданың бейнесі екенін айтады:

– Биік бедел мен үлкен мүмкіндіктер – Назарбаев Университеті мен Астананы біріктіретін қасиеттер. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Назарбаев Университеті ТМД елдеріндегі жетекші университет болуға талпынуда және әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті білімді тегін беріп келеді. Елордамыз секілді университетіміз де қарқынды дамуда, жаңа мамандықтар мен мектептер ашылып, атақты ғалымдар шақырылды. Біздің университеттің түлектері Еуропа мен АҚШ-тың таңдаулы жоғары оқу орындарына түсіп, алдыңғы қатарлы ұлттық және халықаралық компанияларда жұмыс істеп жүр.

– Менің атам Ұлы Отан соғысының ардагері, осы қалада туған. Атамның ерлікпен қорғаған жерінде тұратынымды мақтан тұтамын, бейбітшілік үшін, сүйікті қалам мен өз өмірім үшін алғысым шексіз. Менің шежірем осы қаламен тығыз байланысты. Мен Қазақстанның елордасымен бір жылда, бір айда туғанмын. Біз бірге өсіп, алғашқы қадамдарды да бірге жасадық. Балалықпен хоккейден алғашқы соққыларымды алып жүргенімде, менімен бірге қала да өсіп, ескі үйлердің орнын заманауи орталықтар, спорт сарайлары, зәулім үйлер алмастырыпты, – деді «Снежные Барсы» жастар командасының хоккейшісі Ян Калиновский.

«Астана» медициналық университетінің студенті Руслан Жарылқасынов өз сөзін жастар арасындағы салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелеріне арнады:

– Еліміздің күші – дені сау жастар. Спортпен шұғылдану арқылы біз өзімізді танимыз. Менің мақсатым – студенттерге көмектесу, оқу мен салауатты өмір салтын қатар алып жүру.

– Мен осындай әсем қалада туғаныма мақтанамын, – деп бастады сөзін «Жас Отан» жастар қанатының белсендісі Әл-фараби Аймақ. Елорданың құрдасы 14 жоғары оқу орнын қамтыған және көптеген әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға барлық күшін жұмсаған жастар қанатының қызметі туралы баяндады.

Гуманитарлық колледж студенті Елбарыс Сейітжғаппар болашақта Өнер академиясына түсуді армандайды:

– Астана – біздің мақтанышымыз. Осы қалада оқу, жұмыс істеу және тұру – зор бақыт!

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаментінің директоры Асхат Оралов Астана құрдастарының жетістіктері таныстырылымының қорытындысын түйіндей келе, сүйікті елордамыздың игілігі үшін үнемі өзін-өзі жетілдіріп, дамыту қажет екенін атап өтті.

Бүгінгі салтанатты шара қазақстандық қоғамда патриоттық сана, жетістікке жетудің бағдары мен құндылықтары, тиімді экономикалық тәртіппен қаруланған жас ұрпақ бейнесіндегі жаңа мәдени буын қалыптасқандығын тағы да дәлелдеп берді.