«АУҒАН ӨНЕРІНІҢ СЫЙЫ» КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасында Ауғанстан суретшісі Фаряди Мохаммад Масудтың «Ауған өнерінің сыйы» атты көрмесі ашылды. Көрмені «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасы аясында Елбасы кітапханасы мен Ауғанстан Ислам Республикасының елшілігі бірлесіп ұйымдастырды.

«Көрмеде ұсынылған бірегей каллиграммалардың бетіне сан алуан өлең графикамен берілген. Бұл жұмыстар – Фаряди Мохаммад Масудтың көптеген жылдар бойы жинаған еңбегі. Шығыстағы мұсылман мәдениетінен каллиграфия өнерінің алатын орны ерекше. Сол себепті көрменің Қасиетті Рамазан айы қарсаңында өтуі де айрықша мәнге ие. Тұсауы виртуал форматта кесілген көрменің материалдарын Елбасы кітапханасының ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында тамашалауға болады. Ауған мәдениеті әлемімен танысуда көрермендердің жақсы әсер алатынына сеніміміз мол», - деді іс-шараны ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ауғаныстан Ислам Республикасы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Азизулла Омар қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықты орнатуда «мәдениет дипломатиясының» маңыздылығын атап өтті:

«Нұр-Сұлтан қаласында алғашқы мәдени шарамызды өткізу біз үшін үлкен абырой. Іс-шараны ұйымдастыруда қолдау танытқан араб елдерінің елшіліктеріне, Елбасы кітапханасына алғысымыз мол. Мемлекеттердің сыртқы саясаты үшін де, мәдениет саласы үшін де «мәдениет дипломатиясы» аса маңызды. Себебі идея, ақпарат, құндылық, жүйе, дәстүр, сенім сияқты мәдениет құралдарымен алмасуда өзара түсіністік күшейеді», - деді А.Омар.

Ауған каллиграммасы – бейне мен мазмұнды біріктіретін өнердің бір бағыты. Суретшінің басты міндеті – рухани әлемді бейнелер әлемінің көмегімен  суреттеп, қос әлем арасындағы байланысты туынды бетіне түсіруде. Туындылардың терең символикасы мен мазмұны каллиграмма авторының идеясын сезінуге мүмкіндік береді.

Фаряди Мохаммад Масуд 1973 жылы Ауғанстан астанасы Кабулда дүниеге келген. Каллиграфия өнеріне ол кәсіби және шығармашылық өмірін толықтай арнаған. Автордың жұмыстары Ауғанстандағы, Ирандағы, сондай-ақ Катар мен Кувейт әмірлеріндегі көрмелерде көрсетілген. Бүгінде ол араб елдерінің президенттері мен басшылары марапаттарының иегері.

  

«Бізбен бауырлас Қазақстан Республикасының каллиграфия өнерін жоғары бағалап, оның мәні мен қасиетіне қызығатын мемлекет екені анық. Ислам діні мен қасиетті Құраннан тамыр жайған каллиграфия өнері жәдігерлерін сіздерге табыстау мүмкіндігінің бұйырғаны кеудемді мақтаныш сезіміне бөлейді. Назарларыңызға ұсынылған алтын жалатылған каллиграфиялық үш кітапқа Құранның 54 аяты кірген», - дейді автор.

«Ауған өнерінің сыйы» көрмесі – Елбасы кітапханасы мен Қазақстан Республикасындағы Ауғанстан Ислам Республикасы елшілігі арасындағы ынтымақтастықтың алғашқы іс-шарасы. Ұйымдастырушылар көрменің бейнелеу өнерін сүюші қауым мен мұсылман мәдениетіне қызығатын азаматтардың көңілінен шығатынына сенімді. «Ауған өнерінің сыйы» көрмесі 2021жылдың 16 сәуіріне дейін жалғасады. Эпидемиологиялық ахуалға сәйкес, Фаряди Мохаммад Масудтың жұмыстарын Елбасы кітапханасының ресми сайтында (www.presidentlibrary.kz), әлеуметтік желілердегі парақшасында тамашалауға болады.

https://www.instagram.com/elbasylibrary/

https://www.facebook.com/president.library/