Елбасы кітапханасында белгілі қазақстандық мүсінші, «100 жаңа есім» жобасының «Мәдениет» номинациясы бойынша жеңімпазы Айдос Есмағамбетовпен кездесу өтті. Ол Абылай ханның, президенттер Н.Ә.Назарбаев пен Б.Обаманың, генерал С.Нұрмағамбетовтың және Г.Головкиннің гиперреалистік мүсіндерінің авторы болып табылады. Шебермен әңгімелесу бақыты «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты семинар-тренингке қатысу үшін Атырау мен Тараздан келген жоғары сынып оқушыларына бұйырды. 

Айдос Есмағамбетов Арқалық қаласының тумасы. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында «бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша кәсіби білім алған. Айдос шығармашыл отбасында дүниеге келген: әкесі сурет және мүсіндерді салумен айналысса, анасы кесте тігеді. Осыдан болар, Айдостың қолына қылқалам алып, сурет салуға деген талпынысы бала кезінен пайда болды. Суретшінің айтуынша, оған мүсіндер салу идеясы Мадам Тюссо музейінің жауһарларымен танысқаннан кейін келіпті. Ол президент Обаманың бейне пішінінен үлкен әсер алыпты. Осы сәтте, оның ойында аталған бейне пішін тәрізді туындыны өз қолымен жасау мақсаты пайда болыпты. Айдос алғашқы тырнақалды жұмысын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсінін салуға арнапты. Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың Елбасының қабылдауында болған сәтін бейнелейтін композиция қазір Астана қаласындағы  Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының музейінде орналасқан.

Айдостың жиынтықтарындағы тағы бір кейіпкер – ұлтымыздың тарихында өз орны бар Қазақ хандарының бірі Абылай. Шебер тарихи кейіпкердің пішіндік бейнесін бір айға жуық салып, 2018 жылғы қазанда көрермендеріне аталған ұлы бабамыздың гиперреалистік мүсінін ұсынды.

- Жақын арада Геннадий Головкиннің мүсінін салып бітіремін. Осы жұмыстың басқалардан күрделілігі – боксшының шаршы алаңда шолақ шалбар мен майкада көрсетілуі. Яғни, менің міндетім – оның денесінің ашық жерлерінің мүсінін мейлінше нағыз табиғи түрде жасау. Бұл - соншалықты көп еңбекті талап ететін жұмыс, өйткені спортшының денесін нақты түріне ұқсатып бейнелеу қажет, - деп, Айдос шығармашылық үдеріс тетіктерімен бөлісті.

Суретшінің сөзінше, гиперреалистік мүсіндерді бейнелеу – үлкен шығынды қажет ететін іс. Ол барлық материалдарды, оның ішінде силиконды өз қаражатына АҚШ-тан тапсырыспен алатынын айтты. Айдос кейіпкерлерін олардың фотосуреттеріне қарап салады. Әр мүсінді салу үшін төрт айдан бір жылға дейін уақыт жұмсалады.   

      

- Елбасы кітапханасындағы семинарлар тек қана дәрістер мен тренингтермен шектелмейді, сондай-ақ танымал замандастарымызбен кездесу мүмкіндігі. Осы күндері біз еліміз туралы, Президентіміз туралы аса құнды мол ақпарат алдық. Бұл – ересектерге ғана емес, әсіресе жастар мен балалар үшін аса маңызды. Ал, Айдос Есмағамбетовпен болған кездесу – «әрбір адам жеке табысының ұстасы», деген сенімімді одан әрі бекем етті, - деп атап өтті Тараз қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандырылған мектеп оқушысы Адиля Сайытбаева.