Медиа мейман туралы мәлімет:

Айдос Ыдырысұлы Үкібай

Алматы облысында дүниеге келген.

ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі (1997);

Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебінің түлегі (2015);

Қызмет жолын «Хабар» Агенттігінде тілші болып бастаған (1998 ж.);

Әр жылдары "Хабар" АҚ ақпараттық жобалар департаментінің жетекшісі, Басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды (1998-2001;

«Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы (2011-2016);

Қазақстан Президентінің Баспасөз-хатшысы (2016-2019);

2019 жылдан Елбасының Баспасөз-хатшысы;

ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «За заслуги в развитии печати и информации» (баспасөз бен ақпарат саласына қосқан үлесі үшін) Құрмет белгісімен марапатталған;

«Нұр Отан» партиясының БАҚ өкілдері арасындағы республикалық «Нұр Сұңқар» байқауының «Қазақстандық журналистикаға қосқан үлесі үшін» аталымында үздік танылды;

«Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған.

 Журналист. Медиа-менеджер. Мемлекет қайраткері. Елбасы кітапханасының «Media Meiman»  жобасына  осындай сан түрлі кәсіби қырлардың иесі, қайраткер азамат Айдос Үкібай қонақ болды. Кәсіби қызметте сөз өнерін қару етсе де былайғы өмірде сөзден гөрі іске тындырымпаз. Үндемей жүріп үйдей шаруаның басын қайыратын Үкібайдың болмысына бойлағанда осыны аңғарамыз. Қызмет баспалдағындағы 20 жылдық аяда қатардағы тілшіден Елбасының баспасөз-хатшысына дейін өрлеген азаматтың білімқұмар студент қауымға айтары да мол болды. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ақпарат  саясатына жауапты ел азаматын тыңдауға Еуразия ұлттық университетінің журналистика және филология факультеттерінің студенттері көп жиылды.

  «Отты нүктеден» репортаж

    «Заманауи ақпараттық трэндтер» тақырыбындағы іс-шараны Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Мұратбекұлы сөйлеп ашты. Медиа мейманның журналистік жолынан бастап, саяси қызметіне дейінгі кәсіби қалыптасу жолын  шолып шықты ол. Елбасының баспасөз-хатшысы күні кеше  әлемнің түрлі «отты нүктесінен» ақпарат таратқан  батыл тілші де болғанын әркім біле бермес: «Елбасының сындарлы саясатының арқасында Қазақстанда осы күнге дейін бірде-бір қақтығыс болмағанымен, шет мемлекеттерде, оның ішінде Қазақстанмен қатар егемендікке ие болған мемлекеттердің кейбіреуінде өкінішке қарай, қанды қақтығыстар болды. Шиеленіс аймағынан маңызды хабар дайындау міндеті қойылғанда, Айдос Ыдырысұлы алғашқылардың бірі болып, өміріне қауіп төнетініне қарамай көптеген репортаж дайындады».

      Журналистер арасында «тәжік синдромы» деген бар. Синдромның мәнісі, қақтығыс аймағына қарай ауған, шешен, ирак синдромы болып өзгеріп айтыла береді. Түйіні сол: «соғыс көрген» журналист отанына өзге адам боп оралады. Бастысы, ұңғысынан түтіні сейілмеген елдің ауыр жағдайына қанығып,  мамыражай, бейбіт өмірдің қадірін бағалай білуді үйренеді. Отты жердің өкпегін көрген экс-тілші Айдос Үкібайдың мына оқиға мәңгі есінде қалыпты. 90 жылдардың тәжік-ауған шегарасындағы аса бір мазаң кезеңі еді. Қырағы  оператор Хасен Омарқұлов екеуі Пәндж өзені бойында камераның обьективін ауған тұсына қарата шірене тартып «план жинап жатқан»: «Кенет тәжік тараптан әскерилер келіп, бұл қауіпті арадан шұғыл кетуімізді талап етті. Асай-мүсейімізді жинап, аяқ суытып үлгергеніміз сол еді, осы жаңа қамсыз түсірілім жасап жерімізде гүрс еткен гранатамет жаңғырығын естідік. Қарсы тарапқа камерамызды қайта-қайта «шошаңдата берген» біздің «жүрек жұтқан» әрекетімізге берген ескертуі деп түйдік», - деп медиа мейман қатерлі күнді  еске алды.  

     Шындық - ақпарат таратудағы басты қағидат

     Оқ пен оттың арасындағы өліара шақты бағамдай білген журналистке жылдам шешім қабылдай білетін қағілездік тән. Себебі түсінікті. Ұрыста тұрыс жоқ. Ауқымды ойлауға үлгеріп, шұғыл шешім қабылдамасаң, шаруаң бітті дей бер. Елбасының баспасөз хатшысының жұмыс стилін сырттай байқағанда осындай қырағы кәсіби қасиет анық аңғарылады. Ақпарат аламаны да өзінше бір өмір мен өлім арасындағы майдан сияқты әлем. Қарсы тарап қару кезенем дегенінше алдын орап, тұтқиылдан шабуылдап үлгеруің керек. Яки, дезинформация, фэйктер «оқ жаудырған» тұста қаға берісте қарсы жауап бере білмесең абырой-беделіңе орасан залал келуі әп-сәтте.  Мұндағы басты қаруың әлбетте шындық. Білімпаз қауымға Айдос Үкібай осыны айқын ұқтырды:  «Шындық  - ақпарат таратудағы басты қағидат болуы тиіс. Журналист болсын, баспасөз хатшысы болсын, шындықпен қаруланса ғана, аудитория алдында зор сенімге ие болады. Өзара сенім қалыптасқаннан кейін өзара пікір алмасу да еркін жүреді. Ақпаратты бұрмалап берген болсаңыз, көзді ашып жұмғанша сенімнің жоғалып кетеді. Сенім жоғалды екен, аудиторияңыздан бөлек, мемлекеттік органдар да сізге сенбейді, салдарынан коммуникация әлсірей береді».

Елбасы – журналистер жанашыры

   Ел егемендігінің іргесін нық қаласуға журналистердің де еңбегі өлшеусіз. Елдегі әрбір өзгеріс, әрбір реформаны қалт жібермей, қаламының арқауына айналдырған ақпарат құралдары өкілдерін Елбасы да үнемі назарда ұстап, қал-қадерінше қолдап келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының елдің белді журналистерімен болатын телевизиялық және газеттегі сұхбаттары, жыл сайынғы БАҚ  өкілдеріне берілетін Президент сыйлығы, Орта Азия елдерінде теңдесі жоқ «ҚазМедиа» орталығын салдырғаны айтқанымыздың көп дәлелінің бірі ғана.  Күнделікті өмірде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің отандық медиа кеңістіктің ахуалымен танысу әдеті жылдар бойы қалыптасқан. Қай газет не сайтты оқиды? Қай телеарнаны көретіні туралы сауал жас журналистердің ең көп білгісі келген сауалы болды. «Нұрсұлтан Әбішұлы таңертең мүмкіндігінше барлық газетті оқуға тырысады. Кешкісін уақыт болса, телеарнадан берілетін барлық жаңалықты  қалт жібермейді. Одан бөлек, біp алыс-жақын шетелдің ақпарат құралынан алынған жаңалыққа дайджест жасап, Елбасыға ұсынамыз. Соның ішінен қызығушылық білдірген жаңалықтың астын сызып, бізден кеңірек беруді сұрайды», - деді баспасөз- хатшы Елбасының күнделікті ақпарат құралын шолып өтетін дағдысын айтып.

 

 

                     Бауыржан Момышұлы туралы фильм

   Еліміздің мемлекеттік телеарнасында жүріп, Айдекең талай сүбелі теледүниенің туындауына себепкер болды. Соның бірі  - даңқты қолбасшы, алаштың айбарлы ұлы  Бауыржан Момышұлы туралы көпсериялы фильм. Айдос Ыдырысұлы осы тың киножобаның идея авторы екеніне қанық жастар кездесуде фильмнің тарихы туралы да  сұрады. Ұлы Баукеңнің болмысымен ол ең алғаш мектеп кезінде бетпе-бет кезігіпті. Айдекең  елімізге белгілі оқу ордасы дарынды балаларға арналған Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектептің түлегі. Қазақтың қаһарман ұлын елгезек оқушыға таныстырған алтын ұяның өнегесін көрмейсіз бе?!

     1990 жылы Абай мектебіне ұстазы Кәкімжан Қазыбаевтың үйіндегі жеңгей Орынша Қарабалина келіп, Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының батыры атағы берілгенін жүрегі жарыла сүйіншіледі. Сергек саналы бала Айдостың ұлы Баукең болмысына үңілген алғашқы сәті де осы. Баукең-болмысқа бойлаған екінші сәт «Қазақстан» телеарнасында өтті. Қара шаңырақ телеарнаның мұрағатынан ізденгіш журналист Әлімжан Сабыржанұлы екеулеп жүріп, Баукеңнің гүр дауысымен  жазылған көнелеу аудиожазбаны тауып алыпты. Тың дүние тапқанына есі кете қуанып, көңілге нұр құйылып, шаттанған сәт ұмытылмақ емес.   

     Араға жылдар салып, Бауыржан Момышұлы туралы көпсериялы фильм түсіру Айдекең қиялының бір қиырында қылаң берді. Шетелдің сериалдары мезі бола бастаған мезет еді.  Мемлекетіміз отандық фильм түсіруге жаппай тапсырыс бере бастаған кезең де осы. Айдос Үкібай «Хабардың» басшысы ретінде «жығылсаң нардан жығылды» ұстанып, мықты режиссер Ахан Сатаевқа бірден қолқа салады. Кәнігі киномаман соғыс туралы фильмнің аса қымбатқа түсетінін бір кісідей біледі. Тиісінше, бөлінген қаржының жетіңкірейтініне сенімсіз кейіп танытып, алғашында аздап кібіртіктей берген. Дейтұрғанмен, келер ұрпақ алдындағы ұлы миссияны түсінген арда азамат нар тәуекел етіп, күрделі жобаға бел шеше кірісіп кетіпті. Медиаменеджер Айдос бастап, режиссер Ахат қоштап, қазақтың даңқты қаһарманы туралы фильм дүниеге келді осылай.     

                                    Түске  кірген эфир

    Әдетте шығармашылық кездесуде жиі қойылатын сауалдың бірі  - «журналистік қызметіңізде басыңыздан өткен қызықты оқиға». Айдос Үкібай тележүргізуші атаулының бәріне ортақ үрей – эфирден кешігіп қалу фобиясын еске алды. Үрейдің бойды билеп алатыны соншалық, кейде тіпті түс көргеніңде эфирден қалып бара жатқан қорқыныштан терлеп оянған кездер болғанын жасырмады. Әрі-беріден соң бұл кәсіби қорқыныш өз ісіңе деген адалдықтың, тындырымды болуға ұмтылған тынымсыз жауапкершіліктің айқын белгісі екенін әріптес ретінде бізге де мәлім.

   Тележурналист, әрі бүгінгі мемлекет қайраткеріне эфирдегі мемлекеттік тілдегі тарату туралы сауалдың да қисыны келді. Айдос Үкібай бұл орайда бұдан 20 жыл бұрынғы эфирлік статистиканы келтірді: «Ол тұста қазақ тіліндегі таратудың көлемі 30 пайыздан аспайтын, бүгін болса ол мемлекеттік арналар «Хабар» агенттігінде 90%, «Қазақстан» арнасында 100 % екенін қаперге салды. Мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясының кеңіп, құлашын кеңге сермегенінің бір айғағы да осы».

    

   P.S. 2 сағатқа созылған студенттермен кездесу көзді ашып жұмғанша өте шықты. «Сұрақ-жауап» форматындағы жүздесу соңында Елбасының баспасөз-хатшысы соңынан ерген әріптес іні-қарындасқа заманауи табысты адамның бес қырына ие болуға кеңес берді. Олар  - тынымсыз еңбек, өзіңе сын көзбен қарау, үздіксіз білім алу, жаңа нәрсеге құштарлық, коммуникацияға ашық болу.

 

Қанат Әуесбай, журналист