БАЛАБАҚШАДА ТАРИХ САБАҚТАРЫ ӨТТІ

2019 жылғы 18 сәуірде №2 «Батыр» балабақшасының бүлдіршіндері «Менің шежірем – ел шежіресінің бөлігі» көшпелі музей сабағына қатысты.

Сабақ дәстүрлі түрде Елбасы кітапханасы музейінің залдарына шолу жасау («Әліппе – жол сілтеуші») арқылы өтті. балалар батырлар әлемімен танысып қана қоймай, музей жәдігерлерінің маңыздылығы мен ерекшеліктерін, ақпараттық әлеуеті мен көркемдік құндылығын анықтады.

Музей сабағы барысында Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалары қызметінің ғылыми қызметкері Саягүл Жақыпова балаларды жауынгерлік бес қарумен таныстырды. Бүлдіршіндер ақсақалдардың батырға бата беру дәстүрін қызыға тамашалап, ат салысты.

Топтық жұмыста әр бала белсендік танытуға тырысты. Балалар «Қару-жарақты жина» танымдық ойынына қатысып, «Белгілі қазақ батырлары» тақырыптық викторинасында күш сынады. Ойын тапсырмалары арқылы бүлдіршіндер батырлар әлемі туралы біраз дерек жинай алды. Шежіре арқылы олар туған жер мен отбасы тарихына үңілді.

Балабақша тәрбиешісі Татьяна Пацалюк бірегей сабаққа ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта Елбасы кітапханасымен серіктес болуға ниет танытты.

– Кітапхана қызметкерлері ұйымдастыратын іс-шаралар инновациялық әдістерді сауатты қолданудың үлгісін көрсетеді. Отансүйгіштік қасиетті ерте жастан қалыптастырған жөн. Ел тарихының беттерін парақтаған бала деректерден терең әсер алып, ұлтының түп тамырына қызығушылықпен қарай бастайды. Бүгінгі үлгідегі сабақтар баланың ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын дамытады. Елбасы кітапханасының қызметкерлері бірегей музей жәдігерлерін таныстыру арқылы шеберлік сыныбын көрсетті