БАЛАЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ «ТУҒАН ӨЛКЕМ» КӨРМЕСІ

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы тәрбиеленушілерінің дипломдық жұмыстарынан тұратын «Туған өлкем» көрмесінің ашылуы өтті.

Екібастұз қаласындағы көркемсурет мектебінің негізі 1984 жылы қаланған. Бұл мектеп – алғашқы күннен бастап көптеген жас таланттардың жолын ашып келеді. 2009 жылы мектеп шығармашылық жолында жеткен жетістіктері үшін ЮНЕСКО клубы мәртебесіне ие болды.

Көрмеге ұсынылған жұмыстар мектепте оқытылатын бейнелеу өнері техникасының сан алуандылығын көрсетеді. Мұнда дипломдық жұмыстардың 60 түрі ұсынылған. Сонымен қатар, көрме аясында осы мектептің оқытушысы Ольга Астапенко Астана қаласының Балалар көркемсурет мектебінің оқушыларына шеберлік сыныбын өткізді.

  

Мәдени шараның ашылу салтанатында сөз алған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева «Туған өлкем» бағдарламасының шеңберіндегі барлық көрмелер Астананың 20 жылдығы мерейтойына арналғандығын айтып, көрменің маңыздылына тоқталды:

– Біз осы жылы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру – болашаққа бастар жол» мақаласын насихаттау жолында үлкен жобамызды бастадық. Жоба аясында Екібастұз қаласынан көрмеге ұсынылған туындыларға қарап, болашағымыздың жарқын екенін байқауға болады. Өйткені бұл көрмеден тек дарынды жастардың ғана емес, ұстаздардың да жұмыс нәтижесін көре аламыз. Осындай жетістіктер – біздің болашағымыздың үлкен үміті. Сондықтан  көрмеге қолдау көрсетіп келіп жатқан атақты суретшілер мен ұстаздарға алғысымды білдіремін. Ұлттық мереке – Тәуелсіздік күні карсаңында жыл бойы өткізілген көркемсурет мектептері тәрбиеленушілерінің үздік дипломдық жұмыстар көрмелерінің қорытынды фестивалі өтеді.

 

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Туған өлкем» балалар шығармашылығын қолдау республикалық бағдарламасы «Балалық шақтан көзқарас» жобасының 10 жылдық тәжірибесінің нәтижесінде іске асты. «Туған өлкем» көрмесі де аталмыш бағдарлама аясында ұйымдастырылды. Елбасы кітапханасы музей қызметінің басымдықтарының бірі – балалар шығармашылығын насихаттау. 2005 жылдан бері Елбасы музейінде Астана қаласы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубымен бірге «Балалық шақтан көзқарас» жобасы жүзеге асырылып келеді.

Осы бағдарлама аясында елорда тұрғындары мен оның қонақтары республиканың балалар көркемсурет мектептері тәрбиеленушілерінің үздік деп танылған дипломдық жұмыстарымен танысады. Ал бағдарлама қатысушылары өнердегі өз жетістіктерін орталық алаңда көрсетуге мүмкіндік алады.

Сонымен қатар, Екібастұз қаласы білім беру бөлімі басшысының м.а. Жазира Хамзабаева іс-шара туралы ойымен бөлісті:

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласында ұйымдастырылған шараға көркемсурет мектебі оқушыларының әртүрлі техникада орындалған 60-тан аса ең үздік жұмыстары әкелінді. Негізгі мақсат – балалар өнерімен таныстыру. Екібастұз шағын қала болғанмен, көркемсурет өнеріне қызығушылығы басым балалар өте көп. Павлодар қаласында жас жеткіншектерді дамытатын көркемсурет мектебі бар. Баянауылдағы жазғы мектепте балалар «Туған өлкем» такырыбында өте керемет жұмыстар орындалды. Бүгінгі көрмеге әкелген жұмыстарды тек өз қаламызда ғана көрсетіп қоймай, бүкіл қазақстандықтар тамашаласын деген ниетпен ұсындық. Мұндағы мақсат – бала өзінің жасаған туындысын  басқа адамдар да көре алатындығын сезінуі керек. Сонда жас өркенде өзінің бар мүмкіншілігін көрсетуге деген құлшыныс пайда болады. Сонымен қатар, Тұңғыш Президент музейінде баласының жұмысы көрмеге қойылып жатса, ол әрине, ата-ана үшін зор мақтаныш. Дарынды балаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылған көрменің Қазақстанның әр қаласында өткені дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, аталған көрмелерге қатысу арқылы ұстаздар да, шәкірттер де мол тәжірибе жинайды.