БАС ҚАЛА ТУРАЛЫ ДӘРІС ОҚЫЛДЫ

Елбасы кітапханасы елорданың жиырма жылдығына арналған іс-шаралар қатарын жалғастырады. 2018 жылғы 20 қарашада №4 гимназия мектебі мен №68 орта мектептің оқушылары Елбасы кітапханасының музейінде өткен «Астана – рухани келісім қаласы» дәрісіне қатысты.

Астана – ел бірлігінің нышаны. Ол тәуелсіз мемлекет стратегиясы мен мақсат-міндеттерінің келбеті, ХХІ ғасырдағы ірі мегаполисті құрудың ұлттық жобасы. Елбасы көрегендігінің арқасында мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуы анықталып, астананың көшірілуімен ел тарихының ең маңызды кезеңі басталды.

Сол сәттен бастап елордамыз мәдениет пен дін аралық сұхбаттың, толеранттылықтың, бейбітшілік пен келісімнің, рухани және мәдени жаңғырудың үлгісіне айналып үлгерді.

Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің ғылыми қызметкері Қаламқас Өзенбаева халықаралық деңгейде дінаралық келісім мен ұлттар бірлігін нығайтудағы мемлекет тәжірибесін қозғап, 2003-2018 жылдар аралығында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезіне, бастаманың маңыздылығына тоқталды.

Сабақ барысында дәріскер Елбасыға тарту еткен өзге мемлекет басшыларының, әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының сыйлықтарын оқушылардың назарына ұсынды.

– Дәріс бізге қатты ұнады. Әлемдік діндер тарихына, оның ішінде ислам дінінің қалыптасу тарихына көз жүгірткен қызық болды, - деді №4 гимназия мектебінің 6 сынып оқушысы Нұрдәулет Бекбосын.

– Елбасы кітапханасының музейіне алғаш келіп отырмыз. Дәріс кезінде діндер әлемімен танысып, елордамызға қатысты жаңа деректерге қол жеткіздік. Расында да Астана – бейбітшілік пен келісімнің ордасы. Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезін өткізуде Қазақстан бірден-бір жалғыз мемлекет болып отыр. Бүгін біз келісім мен өзара сыйластықты, бейбітшілікті ұстанатын әлем діндерінің мақсаты бір екенін түсіндік. Сондықтан, Елбасы кітапханасының дәрісіне қатысқанымызға қуаныштымыз, - дейді №68 орта мектептің 6 сынып оқушысы Жәнел Келденова.