2018 жылдың 4 маусымында Елбасы кітапханасында «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім Қоры» қоғамдық қорының «Бейбітшілік пен мейірім симфониясы» балалар шығармашылық байқауының нәтижесі бойынша ұйымдастырылған «Бейбітшілік пен мейірім симфониясы» көрмесі ашылды. Байқау мен көрме екі атаулы мерейтойлық күндер – Астананың 20 жылдығы мен Нұрсұлтан Назарбаев Білім қорының 20 жылдығына арналды. Аталмыш көрме Елбасы кітапханасы мен Білім қорының әріптестік туралы меморандумның аясында өткен бірінші бірлескен іс-шара болып табылады.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов шараны ашқан алғы сөзінде:

– Көрме атауының өзі Астананың миссиясы – бейбітшілік қаласы екенін айтып тұрғандай. «Бейбітшілік» пен «Мейірім» түсініктері бір-бірімен біте қайнасып, қай кезде де өзекті бола отырып, мықты жасампаздықты дәріптеп келді. Балалар туындылары өзінің шынайылығымен, даралығымен ерекшеленетініне бүгін көз жеткізе аламыз. Мен барлық қатысушыларды көрмемен танысып, жақсы әсер алуға шақырамын, ал жас авторларға мұнымен тоқтап қалмай, Бейбітшілік пен Мейірімділікті сақтаудың маңыздылығын ұмытпай өмірдің барлық саласында жасампаздық танытыңыздар деймін!

– «Бейбітшілік пен мейірім симфониясы» балалар шығармашылық байқауының атауы студенттеріміздің ұсынысымен қабылданып, осы жылдың ақпан айында басталды. Байқауға қатысқан балалар «Бейбітшілік пен мейірім симфониясы» бейбітшілік, мейірім, бірлік пен келісім, Отанымыз үшін мақтаныш сезімін бағалау сияқты ұғымдарды толық әрі терең түсінуге, елордамыздың қалыптасу тарихын егжей-тегжейлі зерттеуге негіз болғанын айтады. Менің Елбасы кітапханасының басшылығы мен ұжымына ерекше алғыс айтқым келеді. Сіздердің арқаларыңызда біздің ойымыз іске асып, осы көрмені ашып отырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев Білім қоры төрағасының орынбасары Ғайша Сыздықова.

Ғайша Насырқызы Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжановқа «жастар саясаты, мәдени-білім беру және Қазақстанның қалыптасу тарихы мен дамуын зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырудағы кәсібилігі мен көп жоспарлы шығармашылық қызметі шынайы ризашылық тудыратынын» атап айтып, Қор атынан алғыс хат табыстады.

«Мирас» халықаралық мектебінің (Алматы) директоры Ирина Власянц қолдау көрсеткені үшін Елбасы кітапханасына алғысын білдірді:

– Көрме елордамыздың орталығында, көздің жауын аларлықтай ғимаратта балалардың дарыны мен қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік берді. Елорда тұрғындары мен қонақтары балалар шығармашылығынан шынайы әсер алады деп ойлаймын. Олардың көпшілігі балалардың еліміздің болашағы туралы ой-толғаныстарынан туындаған. Көрменің тақырыбы әлемді жақсы жағына өзгерту және еліміздің белсенді азаматы болу тәрізді «Мирас» мектебінің миссиясына да сәйкес келеді. Біз балаларды тек өзін ғана ойламай, қоршаған ортаны, елдің болашағы және тұтастай әлем туралы ойлауға үйретеміз. Бүгінгі көрменің болашағымыздың философиясын айшықтайтыны сөзсіз.

«Бейбітшілік пен мейірім симфониясы» байқауына Алматы қаласының №1 балалар үйі мен Қор филиалы студенттерінен түрлі көркемсурет пен қолданбалы тәсілдер, кескіндеме, графика, фотосурет өнері, коллаж, мозаика, шыныға жазу, квиллинг, ермексаз кескіндемесі, батик, сәндік элементтердің қоспасымен аралас техникамен орындалған 400-ден аса туынды келіп түсті.

Байқау жұмыстарын бағалауға Елбасы кітапханасы, Астана қаласының БКМ – ЮНЕСКО клубы, ҚР Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің өнертанушылары қатысты. Қазылар алқасы үш жастан 18 жасқа дейінгі жас ерекшеліктері бойынша ақтық сынға 150-ге жуық туындыны іріктеді. Көрменің ашылуына Алматы қаласынан Халықаралық «Мирас» мектебінің жобаға қатысқан 26 оқушысы арнайы келді.

«Мирас» мектебінің (Алматы) 5-сынып оқушысы Далила Мостовая өзінің жұмысын елордамыз Астанаға арнағанын айтты:

– Менің ермексаз кескіндеме техникасымен орындалған жұмысым – «Жаз» деп аталады. Бұл тақырыпқа мені әсем қаламыз Астана шабыттандырды. Сондықтан да мен жарқын күн, ашық аспан, әдемі ғимараттар және көптеген гүлдер мен ағаштарды бейнеледім.

«Жас өнер: әлем мәдениетіне барар жолда» VI халықаралық жас дарындылар фестивалінің жеңімпаздары «Мейірім сәулесі» соқпалы аспаптар оркестрі, Астана қаласының музыка мектептерінің арасындағы байқауда бас жүлдені иеленген Балалар музыка мектебінің хоры ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.

 

«Бейбітшілік пен мейірім симфониясы» көрмесі

2018 жылдың 12 тамызына дейін жалғасады.