БІР ЖӘДІГЕРДІҢ ТАРИХЫ. «ҚЫТАЙ ПЕЙЗАЖЫ» – ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫНЫҢ БЕЛГІСІ

Елбасы кітапханасының музейінде сақталған сан түрлі жәдігерлердің алар орны ерекше. Осыдан тура 20 жыл бұрын аспан асты елінің аруы Қазақстан астанасын көрсем деп армайды.

Асқақ арманының жетегінде қытайлық жас суретші Цзен Янян Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдайды. Онда: «...Мен Қазақстан балаларына, халқына және Сізге қуаныш, достық және бейбітшілік әкелуім қажет. Мен өз қылқаламыммен әдемі әлемнің суретін салғым келеді және екі елдің достығын қосқым келеді...», - дейді суретші.

2000 жылдың 19 мамырында Нұрсұлтан Назарбаев Цзен Янянды Қазақстанға арнайы шақыртады. Кездесу  елорданың оң жағалауында орналасқан  Қазақстан Республикасы Президентінің бұрынғы резиденциясында өтті. Кездесу барысында Елбасы Қытай суретшісіне тамаша шығармашылығы және Қазақстан мен Қытай халықтары арасындағы бейбітшілік пен келісімдегі игі ұмтылысы үшін алғысын білдірді.

 

 

Арманы орындалған Цзен Янян Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа өзінің туындысы – «Қытай пейзажы» картинасын сыйға тартты. Әдемілік әлемін, сиқырлы сұлулықты қылқаламмен кестелеген суретші дәстүрлі қытай пейзаж кескіндемесінде шабытына ерік берген. Ағаш аспадағы сурет акварель техникасында гүл өрнектері бар жасыл түсті арнайы қағазда жасалған. Ортасында ақ фонда жасыл түсті бояумен шаяндар бейнеленген. Сол жақ төменгі бұрышында қызыл мөртабан және қара түсті иероглифтермен жазу бар.

Суреттері әлемнің түрлі елдерінде жетістікпен көрсетіліп жүрген және көптеген мемлекеттердің мұражайында тұрған Цзен Янянның «Қытай пейзажы» картинасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музей жинағында сақталған.