БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ КҮНІ

«Біз, біріккен ұлттар ұйымы, кейінгі ұрпақты

соғыс апатынан құтқаруға бел буып,

 осы мақсаттарға жету үшін

күш-жігерімізді біріктіруге шешім қабылдадық».

 

75 жыл бұрын, 1945 жылы 24 қазанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы күшіне енді. Осы оқиғаның бір жылдығына орай 1947 жылы 31 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясында БҰҰ күні белгіленді. Бұл мереке 1948 жылдан бастап жыл сайын 24 қазанда атап өтіледі.

 

ХХ ғасыр тарихында БҰҰ құрылуы фашизм мен милитаризмді жеңу нәтижесінде халықаралық қатынастардың ең жоғары жетістігі болды. Оның басты мақсаттары: бостандық, теңдік, бейбітшілік және ғаламшардағы барлық адамдар үшін игілік еді. Бұл халықаралық үкіметаралық ұйым БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттер өздерінің аумақтық көлеміне, экономикалық дамуына және саяси жүйелеріне қарамастан, көптеген мәселелер бойынша өз көзқарастарын білдіруге, сондай-ақ халықаралық қақтығыстарды, дауларды немесе проблемаларды шешуге қатысуға құқылы танылған платформа ретінде қызмет етеді. БҰҰ - бұл шын мәнінде әмбебап қол жетімділік пен мүшелікке ие және күн тәртібі көлемді жалғыз халықаралық институт.

1945 жылы 24 қазанда ратификацияланған БҰҰ Жарғысы - бұл тарихи халықаралық құжат, адамзаттың ақыл-санасы жасақтап шыққан саяси және құқықтық «құрал». әмбебап халықаралық шарттың ерекше маңызы БҰҰ өзінің ең басты мақсаты ретінде «болашақ ұрпақты соғыс апатынан құтқару» деп бағамдауы еді.

Осы тұрғыдан алғанда, БҰҰ жалпыға танылған заңдылығымен халықаралық қауіпсіздік жүйесінің негізі саналады. Бүгінгі таңда ұйымның қатысуынсыз қаруды қысқарту немесе атом энергиясын бақылау болсын, бірде-бір өзекті халықаралық мәселе мен жанжал шешілмейді.

Ресми мәліметтерге сәйкес, қазіргі кезде Ұйымға 193 мемлекет мүше.

Қазақстан БҰҰ-ға әлемдік қауымдастықтың жаңа мүшесі ретінде ғана емес, сонымен қатар ядролық қарусыздану қозғалысының авангардында тұрып, қазіргі заманның ең өзекті халықаралық проблемаларына белсенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде қосылды. Аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған бірқатар әлемдік бастамаларды ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев БҰҰ мінбесінен ұсынып, халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тапты.

БҰҰ-ны халықаралық қатынастардың таптырмас құралы деп тани отырып, Қазақстан ұйым арқылы адамзаттың ортақ мәселелерін шешуге өзінің лайықты үлесін қосуға ұмтылады.

Екіжақты қатынастардың дамуында көбіне жоғары деңгейдегі кездесулер рөл ойнады. Мәселен, 1992 жылдан бастап Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде 10-нан астам рет ресми сапармен барып, жоғары деңгейдегі жалпы саяси пікірталастарда сөз сөйледі. Сондай-ақ, Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығы ешқашан да біржақты болмағанын ескеру керек. Түрлі жылдары БҰҰ Бас хатшылары Кофи Аннан, Пан Ги Мун және Антониу Гутерриш Қазақстанға ресми сапарлармен келді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасында БҰҰ қызметінде, әлемдегі қауіпсіздікті нығайту және қолдау жолындағы біздің елдің рөлін ашатын мұрағаттық құжаттар сақталған.

Сонымен қатар, Елбасы кітапханасынан оқырман Қазақстанның БҰҰ-дағы алғашқы тұрақты өкілі А.Арыстанбекованың «Біріккен Ұлттар Ұйымы және Қазақстан», «Қазақстан БҰҰ-да: тарихы мен болашағы»; сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметі мен ұйымдастырушылық құрылымы туралы толық ақпарат беретін «БҰҰ туралы негізгі фактілер» анықтамалығын; «Даму күн тәртібі: 1995 ж. және осы тақырып бойынша БҰҰ-ның басқа құжаттары» атты баяндамалар мен құжаттар жиынын; Кеңес Одағы кезінде БҰҰ-ның қызметіне қалай енгенін, онда КСРО кезінде, оның күйреуі кезінде және одан кейін, Ресейдің псевдокапиталистік дамуы кезеңінде қалай жұмыс істегені туралы С.Деминнің «БҰҰ-ның қисық дәлізінде» атты кітабын; «БҰҰ жүйесінің халықаралық ұйымдары» құжаттар жиынын; дипломат В.Ф. Заемскийдің «БҰҰ және бітімгершілік» дәрістер курсын таба алады.

Тағы бір атап өтерлігі, Қ.К.Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының  орынбасары лауазымына тағайындалуы (2011 жылдың наурызы – 2013 жылдың қазаны) Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің мойындалуы еді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Абайдың аманаты» атта мақаласында «Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеген Қасым-Жомарт Тоқаевтың адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат екенін есепке алмағанда, оның елдегі ішкі жағдайды саралап қана қоймай, шығыстың да, батыстың да тілдерін меңгергендігін, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарғанын, әлемдік саясаттағы Қазақстанның орнын байыптай алатын дипломаттық қырын да ескердім. Сондай-ақ, өзім айрықша мән беріп келе жатқан ел бірлігі мәселесі мен адамзаттық құндылықтарды үйлестіру қабілетіне сенім арттым», - деп атап өтті.

Екіжақты ынтымақтастық тарихындағы маңызды оқиға Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі негізгі органына мүше болу Қазақстанға өзін белсенді және жауапты халықаралық ойыншы ретінде көрсетуге және бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосуға мүмкіндік берді.

БҰҰ жүйесін алты негізгі орган құрайды: Бас Ассамблея, Қауіпсіздік Кеңесі, Экономикалық және әлеуметтік кеңес, Қамқоршылық кеңесі, Халықаралық сот және БҰҰ Хатшылығы. Оларға Жер-жаһандағы бейбітшілікті сақтаудың басты жауапкершілігі сеніп тапсырылған.

Бүгінгі таңда БҰҰ аясында және оның қолдауымен көптеген халықаралық ұйымдар мен мамандандырылған агенттіктер, функционалды және аймақтық комиссиялар, білім беру мекемелері, дамуға көмек бағдарламалары мен қорлары жүйесі жұмыс істейді.

БҰҰ жұмысына белсенді қатысу - бұл елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық және басқа да маңызды қызмет салаларында дамуды білдіреді. Қазақстанда БҰҰ жүйесін 15 ұйым ұсынады. Олардың қызметі елімізге кең көлемдегі техникалық және консультативтік көмек көрсетуге бағытталған. БҰҰ жұмысына қатысу - Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі. Біздің еліміз белсенді және теңгерімді ұстанымның арқасында бейбітшілік, қауіпсіздік және даму ісіне, сондай-ақ БҰҰ-ның функционалдық және құрылымдық жаңаруына өз үлесін қосты.

БҰҰ қызметінің арқасында Жер ғаламшары 75 жылдан бері салыстырмалы түрде бейбіт өмір сүріп келеді. Бүгінде БҰҰ әлемнің 83 еліндегі 87 миллион адамға азық-түлік пен көмек көрсетеді. 82,5 млн босқын мен соғыс құрбандарына, аштық пен қуғын-сүргін құрбандарына  көмек көрсетеді, қорғайды. Бейбітшілікті сақтау жолында 95 мыңнан астам бітімгершілік күштерінің қатысуымен 40-тан астам саяси миссиялар мен операцияларды жүзеге асырады. 1 миллиардтан астам адамның өмірін жақсартуға ат салысып, кедейлікпен қарқынды күрес жүргізеді. 117 миллион адамға 18 миллиард доллар көлемінде гуманитарлық көмек жинауды үйлестіреді.

Сарапшылар БҰҰ өзінің 75 жылдық тарихында бірполярлы әлемнің болуына ұмтылмағанын атап өтті. Себебі, бұл көпшіліктің мүдделері сақталатын ұжымдық жауапкершілік ұйымы. ХХІ ғасырда Біріккен Ұлттар Ұйымы сұранысқа ие және адамзат үшін баламасы жоқ ұйым болып қала береді.