Елбасы  кітапханасының үшінші қабатында қызықты әрі танымдық павильон орналасқан. Заманауи  IT-технологияларды қолдану арқылы мұндағы материалдарды қабылдау сапасы күшейтілген. Техникалық мүмкіндіктер «Н. Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» экспозициясын ашып көрсету үшін маңызды.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, дәріс беруші Күләйша Ақтаева Семей полигоны туралы айту кезінде тыңдаушылар жарылыс шуылын естіп, экраннан атомдық сынақтың салдарынан кемтар  болып туылған балалардың бейнесін көреді. Трагедияның көлемі, адамзаттың қасіреті мен ауыртпалығы дәріс қатысушыларына, оның ішінде бүгінгі қонақтарға – Астана медицина университеті мен Басқару колледжінің студенттеріне ерекше әсер беріп, көңіл шерін қозғады.

– Бұл мені бей-жай қалдырмады. Мен «Невада-Семей» қозғалысы туралы білемін. Ал бұл жерде Елбасымыздың қайраткерлігі туралы мол мәлімет алдым. Сынақ алаңын жауып, ядролық қарудан бас тарту үшін қаншама жұмыс істеуге тура келген... Мен Өскеменненмін, бізде уран таблеткаларын өндіретін зауыт бар. Бірақ бұл бейбіт атом, бұл атом электр стансаларына арналған отын, бұл да үлкен жетістік. Біздің медицина да қазіргі уақытта ядролық технологияны қолданады. Болашақта хирург болып, адамдардың  өмірін сақтағым келеді, мүмкін, сол кезде бейбіт атомның технологиялары одан сайын жетілер, - деп ой бөлісті Астана медициналық университетінің бірінші курс студенті Аслан Тоқтарбаев.

Бір сағаттық дәріс барысында студенттер еліміздің өткен атомдық тарихы, сынақ алаңының пайда болуы және оның жабылуы, Президент Н.Ә.Назарбаев пен Қазақстанның ядролық қарусыздандыру мәселелері бойынша жаһандық көзқарасы туралы толыққанды ақпарат  алады. Барлық маңызды кезеңдер, тарихи күндер алып құрастырылым – Мебиус лентасында көрініс тапқан. Мебиус лентасы уақыттың үзіліссіз ағымын, бетбұрысты дәуірдегі түбегейлі өзгерістерді білдіреді.

– Біз маңызды ақиқатты түсінуіміз керек – бір адамның ойынан туындаған кез келген ғылыми жаңалық, кез келген технологияны тоқтатуға немесе оған тиым салу мүмкін емес. Ең бастысы - қолда барды адамзат пайдасына қалай қолданамыз? Бар мәселе сонда. Бұл Пандора қорабы туралы ең көне аңыз, ол бізге қайта көрінгендей, - деп атап өтті Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева.

Студенттер дәріскермен ашық сұхбаттасып, жазба кітаптарына жазбалар жазып, мұрағаттық құжаттар мен ядролық қарусыздандыру мен таратпау ісіне қосқан үлесі үшін Н.Ә.Назарбаевқа берілген марапаттарды суретке түсірді. Бүгінгі дәріс аса құнды болды, келесі аптада жастар ядролық полигондар тарихына арналған семинарға қатысады.