БІЗ БІЛЕТІН ЕЛБАСЫ: ТӘУЕЛСІЗДІК ПЕН ТАҒЫЛЫМ

Жалғасы.Басы: presidentlibrary.kz

«Біз білетін Елбасы» жобасының жетінші шығарылымы қалың кітаптың үшінші томына арналады. Таңдамалы әңгімелерді қамтитын оның алғашқы бөліміне Қуаныш Сұлтанов, Игорь Рогов, Мырзатай Жолдасбеков, Сергей Терещенко, Әділбек Жақсыбеков, Өмірбек Байгелді, Оралбай Әбдікәрімов, Владимир Божко, Мұхтар Алтынбаев, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Ұзақбай Қарабалин сынды мемлекет және қоғам қайраткерлерінің естеліктері кірген.

Олардың бірі, белгілі профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, жазушы Мырзатай Жолдасбекұлы Елбасыны алғаш көрген кезін жылы еске алады:

– Нұрсұлтан Әбішұлын мен алғаш 1957 жылы көрген едім. Қаскелең қаласындағы Абай атындағы қазақ орта мектебінде педагогикалық тәжірибеден өткенімде Нұрсұлтан Әбішұлы оныншы кластың оқушысы болатын. Сыныптастары талантты әрі алғыр болатын. Жасөспірім Нұрсұлтан жүзі жайнап, екі көзі оттай жанып, жарқ-жұрқ етіп, ай маңдайы жарқырап, бәйге атындай қатарынан суырылып отыратын. «Болар бала бесігінде бұлқынар» дегендей жалындап тұрған жігіттің түбі жарып шығатынын жұрт сезетін еді, - дейді ол.

Ғалым тәуелсіздікке дейін де, егемендіктің алғашқы жылдарында да, аласапыран, қарбалас кезеңде Н.Ә. Назарбаевтың жан тебіренісін де, күйзелісін де көрген азаматтардың бірі.

– Елбасы табиғатынан өте дарынды адам. Ұлттық дәстүрде тәрбиеленген, халқының бар қадір-қасиетін бойына жиған, тілін, тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білетін, халқын жан-тәнімен сүйетін азамат. Нұрсұлтан Әбішұлымен тарих, қазақ мәдениеті туралы сөйлесудің өзі бір ғанибет. Елбасының зиялы қауым өкілдерін қабылдау шараларына мен бірнеше рет қатыстым. Осындай шағын басқосулар барысында Н. Ә. Назарбаев өзін адамзат тарихын терең білетін, замана ағымын жіті ойлайтын, әлемнің озық тәжірибесінен хабары мол, ата-бабадан қалған асыл өнегені үлгі тұтатын тұлға ретінде танытады. Ол кісіге тән қасиеттердің ішінен маған ерекше ұнайтыны – небір күрделі, қайшылықты мәселені кәрі мен жасқа да, білімпаз бен қарапайым еңбек адамына да қонымды қисынмен  түсіндіріп, құбылыстар мен оқиғалардың тағдыр-тәлейін, теориясы мен практикасын әлемдік және ұлттық өзгерістер аясында, бұлтартпас өлшемдер жүйесінде айғақ-дәлелмен оп-оңай дәйектей алатыны, - деп мойындайды.

Бұл ақыл-парасатты байқаған халық та Елбасыны Тұңғыш Президент сайлады. Ұлықтау сәтінде Нұрсұлтан Әбішұлы ақ киіздің үстінде тұрып ант етті. Оған Абайдың көзін көрген, тоқсаннан асқан халық ақыны Ш.Әбенов бата берсе, тілек сөзді халқымыздың көрнекті қаламгері, ойшылы Ә.Кекілбаев, Қазақ КСР халық жазушысы Д.Снегин, композитор Қ.Қожамияров, аты аңызға айналған колхоз бастығы Ы.Қожахметов сынды ұлттың ақсақалдары болды. Сол күннің естелігін мемлекет қайраткері былай еске алады:

 – Инаугурация рәсімі аяқталып келе жатты. Бәрі де жиналған жұрттың көкейінен шыққандай болды. Сөйтіп тұрғанда... сол сәтті есіме алсам, әлі де жүрегім атқақтап соға жөнеледі. Ия, сөйтіп тұрғанда сахна төріндегі мемлекеттік тудың құлап кеткені. Көз алдымызда қисайып бара жатыр. Кенет, о, құдірет, әлгі құлап бара жатқан туды Нұрсұлтан Әбішұлының бір қолымен қағып алғаны. Ту сыртында тұрған тудың құлап бара жатқанын қалай көріп қалды? Соны қалай ұстап үлгергені таңғаларлық. Ал енді осы жай адамның ісі ме? Жоқ, бұл жай адамның ісі емес. Сол оқиғаның символдық мәні бар сияқты болады да тұрады маған, - деп бөліседі автор. Өз естелігінде ол Елбасының халыққа берген уәдесін орындағанын жазып, сөздерін мемлекеттің нығаюы мен тәуелсіздіктің бекуімен дәйектейтейді.

 – Нарықты, демократияны сезіндік. Ынтымағымыз ажырап, қабырғамыз сөгілген жоқ, шаңырағымыз шайқалған жоқ. Осының бәрі де – әлем танып мойындаған ақиқат. Мемлекет орнату, оны баянды ету қиынның қиыны еді. Осы жауапкершілікті қалың елдің ішінен суырылып шығып, Елбасы мойнына алды. Өз тағдырын елінің тағдырымен байланыстырды, сөйтіп халқының үзілген үмітін жалғап, шырағын жақты, - дейді ол.