БІЗДІҢ ТАРИХ. НҰР-СҰЛТАН – БЕЙБІТШІЛІК ҚАЛАСЫ

Осыдан жиырма жыл бұрын, дәл осы күні, 1999 жылғы 6 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астана қаласы (қазір – Нұр-Сұлтан) бойынша жұмыс сапарын жасап, елордалықтар алдында ЮНЕСКО тарапынан «Бейбітшілік қаласы» құрметті  атағының берілуіне орай Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда сөз сөйлеген болатын.

Жиырма жылдың ішінде Нұр-Сұлтан тәуелсіз Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталығы ғана емес, сондай-ақ дипломатияның, бітімгершілік пен халықаралық дамудың басты орталығына айналды.

Дәл осы жерде он жылғы ұзақ үзілістен кейін 2010 жылы өткен Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының тарихи саммитінде мемлекет басшылары «Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікте келісілген қағидаттарға, бірлескен міндеттемелер мен ортақ мақсаттарға негізделген еркін, демократиялық, ортақ және бөлінбес еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығын» қалыптастыру идеясын ұсынды.

Нұр-Сұлтанда осы жылдары өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері XXI ғасырда бейбітшілікке, әділеттілікке және қауіпсіздікке қол жеткізу үшін дінаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілетуге үлкен үлес қосуда. Қазақстанның жас астанасында өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастық үшін маңызды Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының, Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық Кеңесінің саммиттері, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алғашқы консультативтік жұмыс кездесуі өтті. Мұнда үлкен парламентаралық форумдар өтеді.

Нұр-Сұлтан Сириядағы зорлық-зомбылықты тоқтату бойынша келіссөздердің алаңы болып табылады.

Елордамыздың бітімгершілік күш-жігері Қазақстан тұрақты емес мүше болып табылатын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысында көрініс тапты.

Жас асатанамызда жылдан жылға шетелдік дипломатиялық миссиялары мен халықаралық ұйымдардың өкілдіктері көбейіп келеді, бұл сондай-ақ Нұр-Сұлтанның өңірдегі жетекші саяси орталықтарының біріне айналғанын көрсетеді.

Қазақстанның астанасы «Жібек жолының экономикалық белдеуі» сияқты экономикалық ынтымақтастықтың ауқымды бастамаларын ұсынған жерге айналды. Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шартқа осы жерде қол қойылды. Нұр-Сұлтан қаласында Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті өтті және «Ғылым, технологиялар, инновациялар және ислам әлемін жаңғырту» атты болашаққа бағытталған құжат – Астана декларациясы қабылданды.

Елордада 2011 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38-ші сессиясы өтті. Сол сәттен бастап Қазақстан осы халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті. Бұл басқосуды тарихи оқиға деп атауға болады, өйткені, онда Ислам конференциясы ұйымы атауын (ИКҰ) Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды және Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. Алғашқы рет ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды.

Астана экономикалық форумы, Еуразиялық Медиа Форумы және «Астана клубының» отырыстары аясында қазіргі заманғы адамзат өркениетінің маңызды мәселелері талқыланып, оларды шешу идеялары ұсынылады.

Осы барлық оқиғалардың астарында Президент Н.Назарбаевтың сенімділікті, қауіпсіздікті және өзара іс-қимылды өңірлік және жаһандық деңгейде нығайтуға бағытталған дәйекті саясаты жатқандығын қазақстандықтар ғана емес әлемдік қауымдастық та таныды.

Бүгінгі күні, осыдан 20 жыл бұрын ЮНЕСКО сынды беделді халықаралық ұйым тарапынан көрсетілген жоғары сенімді Елбасының төл перзенті – Елордамыз толықтай ақтады деп нық айта аламыз. 

Еlbasy.kz сайтының «Қызметінің хроникасы» тарауында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ЮНЕСКО тарапынан «Бейбітшілік қаласы» құрметті  атағының берілуіне орай сөйлеген сөзінің мәтіні орналастырылған. Аталған мәтінмен осы жерде танысуға болады.

 

Фотосуреттер ҚР Президенті-Елбасының Жеке архивінен