БОЛАШАҚ КӨШБАСШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН САБАҚ

Елбасы кітапханасының музейінде «Жәдігерлер сөйлейді…» сабақтар топтамасының аясында «Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесі» экскурсиялық сабағы өтті. Ерекше сабаққа №83 елордалық мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушылары қатысты. Сабақ қазіргі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының негізгі бағыттарын қамтитын «Қазақстан Республикасы: мемлекеттің қалыптасуы және даму стратегиясын белгілеу» экспозициясы орналасқан Мәжіліс залында өтті.  

 

Дәріс еліміздің маңызды саяси оқиғасы Қазақстан Президентінің сайлауларына арналды. Оқушылар еліміздегі сайлау жүйесі мен сайлауалды науқанның ерекшеліктерімен танысты. Оқыту барысында қатысушылар бірегей түпнұсқа құжаттарды, ұлықтау салтанатында қолданылған заттарды тамашалады. Архивтік құжаттар, фотосуреттер, бейнематериалдар тақырыпты терең зерделеуге мүмкіндік берді.

Сабақтың практикалық бөлімі «Мектеп президентін сайлау» ойын-таныстырылымы үлгісінде өткізілді. Оқушылар алдын-ала сайлауалды бағдарламасын, сенімді өкілдерін ұсынған мектеп президентін сайлады. Жасырын дауыс барысында оқушылар жеңімпазды анықтады.

Іс-шара қатысушылары сабақты өткізудегі ерекше тәсіл мен оның танымдық және тәжірибелік құндылығын атап өтті.

- Сабақ әдістемелік жағынан сауатты өтті, кіріспе сөз өте мазмұнды, фото- және бейнематериалдар белсенді қолданылған. Бұдан басқа, осындай сабақтар өскелең ұрпақтың көшбасшылық қабілетін жасақтау үшін аса қажет. Оқушылар сабақта белсенділік көрсетті. Сабақтың мақсаты орындалды деп есептеймін. Тығыз әріптестік үшін Елбасы кітапханасының басшылығы мен қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін және алдағы уақытта одан әрі жемісті қарым-қатынасқа сенім білдіремін, - деп атап өтті №83 мектеп-гимназиясы Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі Рыстыгүл Жантемірова.

 

 

10-сынып оқушысы Ұлжан Сабырбекова:

- Маған сабақ қатты ұнады. Барлық оқушылар мүмкіндігінше осындай іс-шараларға жиі қатысуы керек. Бұл танымды, әрі қызықты. Мысалы, осындай сабақты басқа мектеп оқушыларымен де өткізуге болар еді. Дәрісті мектебіміздегі қатар сыныптарға да өткізіп көруге болады. Бүгінгі сабақта соны, қызықты идеялар ұсынылды.

10-сынып оқушысы Гүлназ Төлегенова:

- Мен бүгінгідей сабақтарды жиі өткізген дұрыс деп санаймын. Олар бізге қазақстандық жастардың мәселелерін шешудің жаңа жолдарын табуға, қоғамымыздың болашағындағы жастардың жаңа рөлін сомдауға, тың және ерекше идеяларды белсенді түрде ұсынуға мүмкіндік береді. Барлық оқушылар талқылау барысында белсенділік танытты. Сабақта айтылған кейбір идеяларды мектебімізде енгізуге болады. Сабақ өте қызықты!