Бүгін Елбасы кітапханасында «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингінің кезекті тыңдаушыларын сертификатпен марапаттау салтанаты өтті. Елордағы Басқару колледжі мен Көпсалалы колледждің студенттері екі күндік оқу курстарын ойдағыдай аяқтады.

Марапаттау рәсімінде сөз алған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова іс-шара қатысушыларын Мемлекет басшысының идеялары мен стратегиялық бағдарламаларын насихаттауға шақырды.

– Екі күн бойы біздің қызметкерлеріміз сіздерге ежелден келе жатқан дініміз бен мәдениетімізге, прагматикалық көзқарас пен ұлттық кодымызға сүйенген руханиятымызды қайта қалпына келтіруге бағытталған бағдарламамен тереңінен таныстырды. Соның ішінде «Туған жер» бағдарламасы негізінде курс барысында өз жобаларыңызды ұсындыңыздар. Жуырда ғана Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасындай болған  «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялады. Көптің көңілінен шыққан құнды дүние жұртшылықтың жүрегіне жол тапты. Еліміздің ертеңі – жастар болғандықтан, Елбасымыздың бастамаларын бірлесе жүзеге асырайық, - деді Ботагөз Мұттахиденқызы.

Курс қатысушыларына  арнайы Елбасы кітапханасының музейі мен ҚР Ұлттық музейі бойынша экскурсиялар ұйымдастырылды.

Жас ізденімпаздар ретінде біз  үшін мұндай шаралар өте пайдалы. Екі күндік оқу курсында теориялық білімімізді шыңдап, тәжірибелік дағдыны игердік. Елбасы кітапханасының басшылығына және семинар-тренингтің оқытушыларына алғысымды білдіремін. Бұл оқу курсы – кәсіби және қоғамдық қызметтегі белестеріме бастайтын даңғыл жол деп сенемін, - деп Басқару колледжінің студенті Баймұрат Құттымұратұлы ой бөлісті.