«БОЛАШАҚҚА ЖОЛ ӨЗІҢНЕН БАСТАЛАДЫ» СЕМИНАР-ТЕРНИНГІ. ТЫҢ ИДЕЯЛАР, АРМАНДАР МЕН МАҚСАТТАР

2019 жылғы 16-17 қазан күндері Елбасы кітапханасының қызметкерлері Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары оқушыларының қатысуымен «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингін өткізді.

    

Міне, соңғы төрт жыл бойы апта сайын еліміздің әр өңірлерінен 60-қа жуық студенттер мен жоғары сынып оқушыларының Елбасы кітапханасына екі күндік оқуға келуі дәстүрге айналған. Бұдан басқа, Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлері әзірлеген семинар-тренингтерге педагогтар, мемлекеттік қызметшілер, әскери құқық қорғау органдары қызметкерлері де қатысады. Дәрістер мен тренингтерде тыңдаушылар Қазақстан тарихынан көптеген деректерге қанығып, еліміздің бағдарламалық құжаттарымен танысып қана қоймай, оларды дәріскерлердің көмегімен толыққанды зерделейді және тәжірибелік сабақтарда жаңа құнды дағдыға ие болады.

Семей қаласы Экономикалық лицейінің 9 сынып оқушысы Светлана Калинкина семинардан алған алған әсерімен бөлісті:

«Дәрістер мен экскурсияларда бізге Қазақстан тарихы, оның ішінде еліміздің осы жылдары өткен жолы туралы айтылды. Қазақстан мен үшін ата-бабаларымыз негізін қалаған тарихы бай алтын бесік, сондай-ақ біз де еліміздің дамуына өз үлесімізді қосып, болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыруымыз керек. Мен балаларымның «Қазақстан» сөзін мақтанышпен атағанын қалаймын.

Бүгінгі семинар мен үшін маған осыған дейін беймәлім болып келген жәйттардың көзін ашты. Менің жүрегімде біздің болашағымыз, еліміздің болашағы туралы жарқын ойлар орын тапты, тың идеялар мен армандар пайда болды. Мен өзіме Қазақстанды бар күш-жігеріммен дамыту үшін бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасып, жастарға көшбасшы болсам деген мақсат қойдым. Мен еліміздің барлық жастарын Отанымыздың игілігі үшін өзін-өзі жетілдіруге шақырамын. Men jastarǵa senemіn!

Бізге арнап бүгінгі іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Елбасы кітапханасына ризашылығымды білдіремін. Ұстаздарға шеберліктері үшін мың алғыс!».

Семинар-тренинг барысында әлеуметтанушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының ішкі саясат және әлеуметтік зерттеулер бағдарламасының жетекшісі Серік Бейсембаев шығысқазақстандық және маңғыстаулық жастармен кездесті. Әлеуметтанушы-ғалым ұлтты қалыптастыру, көші-қон, жастар саясатын зерртеумен шұғылданады және Нұр-Сұлтан қаласындағы «PaperLab» пікірталас алаңының негізін қалаушылардың бірі.  

С.Бейсембаев «Жастар және радикалдану мәселесі: зерттеулер нәтижелері» тақырыбында таныстырылым ұсынды. Ол тыңдаушыларға зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизм мен оның туындау себептерін түсіндірді. Сондай-ақ, экстремизмнің алдын алудағы жастардың міндетін айқындады.

                         

Кездесу соңында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова жастарды оқыту курсының тәмамдалуымен құттықтап, оларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.