БОЛАТ СҰЛТАНҚҰЛОВ СТУДЕНТТЕРДІ ӘЛЕМДІК МЕДИЦИНА ЖЕТІСТІКТЕРІМЕН ТАНЫСТЫРДЫ

«Мұндай тренингтерге тек бір рет қана келетінің өкінішті. Мен тағы да бірнеше рет келер едім. Бұл жерде үнемі түсінікті бола бермейтін дүниелер, мысалы, саясат, тарих турасында өте нақты түсіндіреді. Пікірталастарға қатысуға деген ынтамның оянғаны қатты ұнады, ал қонақпен кездесу дүниетанымымды кеңейтті. Ол өте көп тоқыған білімді адам екен». Бұл Нұр-Сұлтандағы басқару колледжінің екінші курс студенті Глеб Дементьевтің сөзі. Бозбала Глеб кәсіпкер әрі генетик Болат Сұлтанқұлов қонақ ретінде қатысқан Елбасы кітапханасы ұйымдастырған «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты семинар-тренингке қатысып, шабыттанса керек.

Глеб – спорт әлемінде танымал тұлға. 18 жаста болса да каратэден Қазақстанның үш дүркін чемпионы, тай бокстан Қазақстанның қола жүлдегері, Спартакиаданың қола жүлдегері, тай бокс бойынша қаланың екі дүркін чемпионы. Спорт – оның жан қалауы, содан болар оны Назарбаев орталығындағы Олимпиада даңқы залы қатты қызықтырды. 

- Серік Сәпиевтің бокс қолғабы, Геннадий Головкиннің белбеуі – өзіңе сенудің, табандылық пен жеңістің нышаны болып табылатын нағыз құнды дүниелер. Мен жеңіске ұмтылудың не екенін жақсы білемін, сондықтан экспонаттардың нақты нені білдіретінін жақсы түсінемін. Ең маңыздысы - олардың Елбасы кітапханасында орналасуы. Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевты да саясат әлеміндегі мықты спортшы деп ойлаймын, - деп Глеб өз әсерімен бөлісті.

Әр апта сайын Елбасы кітапханасына еліміздің өңірлерінен үздік деп танылған студенттер жиналады. Дәрістер мен тренингтерден өзге жастар қазіргі заман туралы құнды ақпаратты «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» жобасының қатысушыларынан алады. Бүгінгі кездесудің басты кейіпкері - «Болашақ» президенттік бағдарламаның түлегі, кәсіпкер, генетик, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының лауреаты, «Бизнес» аталымында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауының жеңімпазы Болат Сұлтанқұлов.

 

Қонақ жастарға заманауи технологиялардың миллиондаған адамдардың өмірін қалай сақтап қалып жатқандығы, қазіргі медицина несімен таң қалдыруда және жақын болашақта қандай болуы мүмкін деген тақырыпта сөз қозғады. Тіндік, гендік инженерия, діңгекті жасушалар, генетикалық құжат, роботтар сынды ғылым жетістіктері тереңдеп кетті, құдды бір фантастика іспетті, алайда бұл шындық. Ғалымның айтқан сөздері болашақ экономистер, заңгерлер мен педагогтарға өте қызықты болғаны байқалды.

Елназ Қалыбек – Нұр-Сұлтан қаласындағы менеджмент және бизнес колледжінің бірінші курс студенті. Ол болашақта педагог болғысы келеді. Елбасы кітапханасында өткен шарадан өзіне болашақта қажет болар көп дүние алғанын алға тартты. Бәрінен бұрын бұл тыңдарманды өзіне баурай білу және оны қызықтыра алу. 

- Кітапхана дәріскерлері қаншама қызық дүниелер айтады. Сөздің шыны керек, мысалы, ер балалардың басым бөлігі сабақтың соңына дейін шыдап, тыңдап отыра алмайды ғой. Ал осында өткен екі күн ішінде қаншама ақпаратқа қанық болдық. Сондай-ақ, Болат Мұхтарұлы 4 дәрежедегі қатерлі обыр ауруын емдеу қазір мүмкін болғандығын айтып таң қалдырды. Бұдан өзге егер адамның салмағы 65 келі болса, оның 5 келісі біздің ағзамыздағы бактериялар екен!.

Тыңдады, оқыды, таныды, таң қалды – осылайша жастардың кезекті бір тобы Елбасы кітапханасында құнды біліммен сусындады. Әрбір тыңдаушы естелік ретінде «Біздің Президент» кітабы пен сертификатқа ие болды. Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова кездесуге қатысқаны үшін Болат Сұлтанқұловқа алғысын білдіріп, «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» атты кітапты тарту етті.