Елбасы кітапханасында суретші, сәндік-қолданбалы өнер шебері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Ботагөз Төлештің «Шексіз әлем» көрмесінің вернисажы өтті. Көрме «Үміт қанатында» атты шығармашыл жастарды қолдау жобасы аясында ұйымдастырылды.

Көрменің ашылу салтанатындағы құттықтау сөзінде Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов:

«2019 жылдың Жастар жылы деп аталуы – Президентіміздің саясатының логикалық жалғасы деп атауға болады. Елбасымыз кітаптарының бірінде «... өнерін бағалап, таланттарын қастерлеген халық қай уақытта да басқалардан жоғары тұрады», – деп жазған болатын. Биыл Елбасы кітапханасы Жастар жылына арналған мәдени-көрмелік іс-шаралардың үлкен топтамасын жүзеге асыруда. Сәндік-қолданбалы өнердің талантты шебері Ботагөз Төлештің «Шексіз әлем» атты көрмесі - «Үміт қанатында» атты шығармашыл жастарды қолдау жобасын жүзеге асыру мен  Жастар жылы аясындағы маңызды оқиғалардың бірі», - деп атап өтті.

   «Шексіз әлем» көрмесінде Ботагөз Төлеш 21 жұмыс пен 10 графикалық туындысынан тұратын гобелендер жиынтығын ұсынды. Суретші шығармашылығының негізі – уақыт аралығындағы кеңістіктегі қозғалыс. Қозғалыстың серпіні ұшқан құстың, бойжеткеннің серуені мен «арманның ұшуының», музыка үнінің бейнелерінде байқалады.

«Еркіндік – мен үшін шексіз кеңістіктегі құстардың ұшуы, бойжеткеннің жарқын болашақ туралы ойлары, ұшы-қиыры жоқ қазақ даласы іспеттес. Осы бейнелер сөзбен айтқысыз сезімдерімді білдіруге мүмкіндік береді. Менің әрбір көрмем әрі толқытатын, әрі шабыттандыратын оқиға. Кеше ғана Түркия елінде өткен түркі халықтары суретшілерінің форумынан оралдым. Онда мен төрт гобеленімді ұсындым, ең бастысы – Түркияда дербес көрмемді ұйымдастыру туралы ұсыныс алдым», - деді, өнерінің сырымен бөліскен Б.Төлеш.

Ботагөз Төлеш Алматы қаласында дүниеге келген. 1997 жылы Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы көркемөнер колледжін бітірген. Аталған академияда жоғары білім алып, кейін «Интерьер дизайны» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдады. Ол 40-тан астам гобеленнің авторы. Ботагөз Төлеш - 2006 жылдан Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі. Ол 2012 жылы Түркияның Трабзон қаласында өткен «Femin Art» халықаралық фестиваліне қатысты. Автордың дербес көрмелері елімізден бөлек Болгария, Түркия, Польша мемлекеттерінде өтті.

«Шексіз әлем» көрмесі Елбасы кітапханасында 19 сәуірге дейін жалғасады.