Кезінде Президенттің алғашқы резиденциясы болып, бүгінде Елбасы кітапханасының музейіне айналған зәулім сараймен танысуға Астана қ. Назарбаев Зияткерлік мектебінің жоғарғы сынып оқушылары келді.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова жастарды мектептің 10 жылдығы мен келе жатқан мерекелермен құттықтады.

– Мемлекет басшысы кейінгі буынның қызығушылығы мен талабын жақсы біледі. Ол кісінің бастамасымен тұрғызылған мектептің оқушылары ретінде оның бұл қасиетін кез келгеннен артық білетін боларсыңдар. Сендердей бақытты ұрпақ халықаралық білім берудің озық үлгісіне айналған Назарбаев университетіне оқуға түсе алады деген ойдамын, - деді Б.Қайыпова.

Келген оқушылар Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты. Солардың бірін, 2011 жылы құрылған «Елбасытану» элективті курстарының негізгі бағыттарын Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалары қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Ләйлә Омарова ұсынды. Тыңдаушылар Мемлекет басшысының тарихи тұлға ретінде қалыптасуынан бір қатар ақпарат жинады.

Олардың ерекше қызығушылығын 2018 жылдың қарашасында Украинадағы Каменское (бұрынғы Днепродзержинск) қаласынан табылған құжаттар оятты. Президент 1994 жылы Ф.Э. Дзержинский атындағы Днепровск металл зауыты жанындағы №8 техника училищесінде болып, сыйлы қонақтар кітапшасына келесідей пікір жазады: «Бүгін мен жастық шағыма оралғандай болдым. 34 жыл өтсе де бәрі есіме сақталыпты. ТУ-8-де алған білімім менің болмысымды анықтады. Ұстаздарыма тағзым етемін».

Музейдің архив құжаттарынан Елбасының өмірбаяны мен қызмет жолы көрініс тапқан. Сирек кездесетін кеңес дәуірі кезеңіндегі кинохроника кадрлары мен фотосуреттер көздің жауын алады. Оқушылар Қазақстандағы президенттік институты туралы деректі фильмді тамашалап, тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу жылдарындағы Н. Назарбаевтың рөлін ортаға салды.

Музей бойынша ұйымдастырылған экскурсия кезінде НЗМ жастары өзге мемлекет басшылары мен үкімет көшбасшыларының, халықаралық ұйымдар мен қарапайым халықтың Елбасыға тарту еткен сыйлықтарын көрді.

– Дәріс қызықты өтті. Училищеде оқып жүрген кезінде Президентіміздің болашағын болжаған ұстазы Д. Погорелов қателеспеген екен. Жас кезінде өз қатарынан ерекшеленген Елбасының игі қасиеттері бізге үлгі болды, - дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Асхат Сүлейменов.

– Елбасының алғашқы резиденциясына кірген бойда ғимараттың саяси кездесулер мен кәсіби келіссөздердің ордасы болғаны білінеді. Біз бүгін Мемлекет басшысын жаңа қырынан зерттеп, танысу барысында көп дерекке таң қалдық. Ұмытылмас әсер қалдырған дәріс үшін Елбасы кітапханасына алғыс айтамыз, - деді Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Мәдина Арапова.