2012 жылдың 30 мамырында Дмитрий Иванович Петрухиннің атақты байкі мен басқа да құнды артефактілерді біздің Музейдің қорына мемлекеттік сақтауға өткізудің салтанатты рәсімі өтті.
      Дмитрий Иванович Петрухин – Қазақстан Географиялық Қоғамының Президенті, Қазақстан байкерлер Ассоциациясының Президенті, «Достық» орденінің иегері (2006 ж.), «Алтын Адам» премиясының екі мәрте лауреаты (2007, 2009 жж.), Алматы қаласы мәслихатының 4-ші және 5-ші шақырылымының депутаты. Д.И. Петрухин – бірегей жоба – «Шоқан Уәлиханов» желкенді яхтасымен Жершары саяхатын жасаған ғылыми-зерттеу экспедициясының ұйымдастырушысы. 2007 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев саяхатшыларға еліміздің байрағын табыстай отырып, сәт сапар тілегімен Ақтау портынан шығарып салды.
      2004 – 2011 жж. аралығында Д.И. Петрухин өзінің «темір тұлпарымен» бүкіл дүниежүзін шарлап, әлемнің 80 елін Қазақстанның мемлекеттік байрағымен таныстырған болатын. Әлемдік мотожорық тарихындағы теңдесі жоқ оқиға – 200 000 шақырымдық жолды бағындырған ол – Гиннестің рекордтар кітабына енді.
      2008 – 2011жж. Қазақстанда табысты өткен VII Қысқы Азия ойындарын насихаттау мақсатында Азия мен Таяу Шығыс аймағының 40 елі бойынша өткен авто-мотожорыққа қатысқан.
      Өзінің атақты байкін, 2011 жылғы Азиада ойындарына қатысқан мемлекеттердің спорт министрлерінің қолтаңбалары қойылған Азия Олимпиадалық Кеңесінің туы, жиһанкездік картасы, көптеген фотосуреттер, кәдесыйлар, байкердің толық жабдығын Дмитрий Иванович Музей қорына тұрақты сақтауға табыс етті. Жақын арада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейіне келушілер аталмыш жәдігерлерді тұрақты экспозициядан тамашалай алады.
      Бұл іс-шара «Нұр Отан» ХДП Сарыарқа аудандық бөлімшесі мен «Жас Отан» белсенділерінің қолдауымен өткізілді.