ДӘУЛЕСКЕР КҮЙШІ ДӘУЛЕТКЕРЕЙ

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев ұлттың ұлық өнері туралы былай деген болатын: «Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы ұлттық мәдениетімізді әлемге танытуға домбыра ерекше үлес қосады. Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Тәттімбет пен Сүгірдің, Қазанғап пен Динаның күйлері – төл мәдениетіміздің бірегей үлгілері».

Қанында күй ойнаған қазақ халқының күйшілік өнеріндегі айрықша тұлғалардың бірі, күйші-композитор Дәулеткерей Шығайұлының туғанына биыл – 200 жыл толып отыр.

Біраз  уақытқа дейін әйгілі күйшінің туған жылы мен кіндік қаны тамған жері туралы нақты мәлімет болмаған. Әр кітапта әрқалай жазылып жүрді. Ақиқатын белгілі өнертанушы-ғалым Петр Васильевич Аравин анықтап берді. Ол өзінің 1984 жылы жарық көрген «Даулеткерей и казахская музыка ХІХ века» деген монографиясында: «1853 жылы Ішкі (Бөкей) ордасын басқару жөніндегі Уақытша кеңес «Ішкі қазақ ордасындағы руларды басқарушылардың тізімін» жасаған. Сол тізімнің 14-ші санында «сұлтан Дәулеткерей Шығаев 33 жаста, 1852 жылғы 21 ақпаннан бері уақытша Ноғай руын басқарады», -деп жазады.

Аравин күйшінің туған жерін «Даулеткерей и казахская домбровая музыка ХІХ века» атты кітабында жазған. Ол Дәулеткерейді: «Коневоға жақын жерде орналасқан әкесі Шығайдың ставкасында дүниеге келді»,- деп көрсетеді. Зерттеуші ғалымның айтқан Конево селосы – қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарайтын жер.

Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, Бөкей хан қайтыс болғаннан кейін 1815-1823 жылдар аралығында хандықты уақытша Бөкейдің інісі Шығай басқарады. Шығай сұлтан мен оның отбасы орыстармен, украиндармен тығыз араласып, арада достық байланыс орнайды. Болашақ күйші Дәулеткерей 1820 жылы осы жерде дүниеге келеді. Дәулеткерейдің орыс тілін еркін меңгеріп, мандолин, балалайка музыкалық аспаптарын үйренуге әкесі Шығай қолайлы жағдай жасайды. 

 1825 жылдың қараша айында сұлтан Шығай дүниеден өтіп, 5 жасар Дәулеткерей әкесіз қалады. Ішкі ордада Жәңгірден кейінгі екінші адам саналатын Шеркеш руының басқарушысы Меңдігерей Бөкейханов Дәулеткерейді қолына алып тәрбиелейді. Немере ағасы болып келетін Меңдікерей  Дәулеткерейді келешекте ел басқару ісіне баулиды.

1852 жылы Дәулеткерей Ноғай руының басқарушысы болып тағайындалады. Осы кезде ол өнердегі ұстазы күйші-композитор М.Бердиевпен кездеседі.

1855 жылы Петербургке барып қайтқан қазақ делегациясының құрамында күйші-композитор Дәулеткерей де бар. Ол сапар барысында Нижний Новгород қаласын аралап,  Мәскеудегі Үлкен театрда «Травиата» операсын тамашалайды.

Дәулеткерейді академик А.Жұбанов «төре күйлерінің атасы» деген. Өйткені ол төре күйлерінің дәстүрін  орнықтырып, төре тартысты тұтас бір мектеп ете алған талантты күйші. Дәулеткерейдің «Ақжелең», «Құдаша», «Ысқырма» «Керілме», «Ақбала қыз», «Бұл­бұл», «Көркем ханым» күйлері лирикаға толы болып келеді. Оның алғашқы шығармаларының бірі –«Ақжелең». Бұл туындысын күйші аң аулап жүріп Ноғайлының бұла өскен сұлу қызы домбыра тарту шеберлігімен, көркімен көзге түскен Ақбала деген қыздың өнеріне таң қалып шығарған деседі.

ХІХ ғасырдың 60-жылдары Дәулеткерей Қызылқұрт, Масқар, Төлеңгіт, Шеркеш руларын және Бөкей хандығындағы қалмақ бөлімін басқарады. Осыдан кейін Дәулеткерей ел басқару ісінен біржола босайды. Осы жылда этнограф-ғалым Мұхамед-Салық Бабажановпен жақын дос болады. Досы өмірден өткенде қазасына қатты қайғырған күйші  «Салық өлген» атты күй шығарады.

Д.Шығайұлының «Топан», «Охота», «Шолтақ», «Жігер» сынды туындылары тыңдаушыны терең ойға батырады. Ол 1861 жылы күй атасы Құрманғазымен кездескен. Дәулеткерей Құрманғазы бастаған бүкіл домбырашыны ақ ордасына шақырады. Сол кездесуде Дәулеткерей: «Жамиғат, мен сендерді үлкен бір себеппен шақыртып едім. Жаңадан екі күй шығардым. Менің сыншым сендерсіңдер. Сендер не айтасыңдар – сол болады. Топан және Жігер деген екі бүркітім бар еді. Аңға шыққанда сол екеуінен бірдей айырылдым. Біреуі тасқа түсіп өлді, біреуін көкжал қасқыр шайнап өлтірді. Міне, сол күйді тыңдаңдар», -деген екен.

«Дәулеткерейдің Құрманғазымен әңгімелесіп, халық дәстүрі үлгісіндегі басқа да домбырашыларды көріп тануы, оның музыкалық творчествосына қатты әсер етеді», - деп жазады академик Ахмет Жұбанов.

Атақты күйшінің  «Топан», «Жігер» атты күйлері халық тағдырын, елдің еркіндікке ұмтылу сезімін бейнелейді. «Жігер» күйі туралы музыка зерттеушісі А.В. Затаевич былай деген: «Бұл күй – дыбыстық мүмкіндігі аз домбыраның тар көмейіне сыймай, тасып жатқан терең де мол, көтеріңкі лептегі мән-маңызы зор шығарма».

 Дәулеткерей күйлерінің жеткізушілері – Науша, Махамбет Бөкейхановтар. Ал жеріне жеткізе орындап, жаздырып, насихаттап, кейінгі ұрпаққа мұра қылып қалдырған әйгілі домбырашы Қали Жантілеуов.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен іске асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жобасы ұлттық музыка тарихындағы елеулі оқиға болды. «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты домбыра күйлері антологиясына дәулескер күйші Дәулеткерей Шығайұлының да күйлері енген.