2018 жылғы 11 қазан күні  Назарбаев орталығының ғимаратында «ЕҚЫҰ-ның Қазақстан Республикасындағы 20 жылы: ынтымақтастық және жетістіктер» халықаралық конференциясы өтті.  Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен шараның ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы офисі.

Халықаралық конференцияның ресми ашылуына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Томас Гремингер, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов және Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы директорының м.а. Махмұд Қасымбеков, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы офисінің басшысы, елші Дьердь Сабо қатысты.

Іс-шараға қатысушыларды құттықтаған Мемлекеттік хатшы, конференция модераторы  Г.Әбдіқалықова:

- «Халықаралық конференцияны ұйымдастыру - Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы мен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы офисінің бірлескен бастамасы. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы офисін республикамыздағы 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын және қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде одан әрі табысқа жете берулеріңізге тілектеспін.

Басқосуды ашқан Гүлшара Әбдіқалықова конференция қатысушыларына Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді. Онда: «2010 жылы осы беделді ұйымды басқарған және бүгінде оның жұмысына белсенді атсалысып келе жатқан мемлекет ретінде біз үшін бұл оқиғаның маңызы зор. ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыз өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне үлес қосуға, Ұйымды басқару үшін сенімге, сабақтастыққа, ашықтық пен төзімділікке негізделген жауапты көзқарас танытуға мүмкіндік берді. Қазіргі кезеңдегі халықаралық қатынастар трансформациясы жағдайында ЕҚЫҰ қауіпсіздіктің жаңа архитектурасының негізгі элементінің бірі болып қала беретіні» айтылған.

ЕҚЫҰ Бас хатшысы Томас Гремингер баяндамасында Қазақстанның екіжақты ынтымақтастық аясындағы рөлін атап өтті:

– 2010 жыл мен үшін Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуда ерекше жыл болды, оның ішінде Қазақстанның қазіргі Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановпен. Сол уақыттан бастап Қазақстан мен ЕҚЫҰ сенімді серіктеске айналды. Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығы аса табысты болғанын атап өткім келеді. Мен ЕҚЫҰ елдерінің өңірлерінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған Қазақстанның үлесін бағалаймын. Сондай-ақ, Қазақстан өзара ынтымақтастық аясында әртүрлі пікірталастарға белсене қатысуын жалғастыруда.

ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов та құттықтау сөзін жеткізді:

– Бүгінде Қазақстан ЕЫҚҰ-ның сенімді серіктесіне айналды. Елбасымыздың Қазақстанның ішкі дамуының мәселелерімен қатар сыртқы саясатына да қатысты салиқалы, сындарлы, сарабдал ұстанымы Қазақстанның ЕЫҚҰ төрағалық етуінде шешуші рөл атқарды. Сәтті өткізілген саммит пен онда қабылданған Астана декларациясы еліміздің ғана емес, сонымен қатар ЕЫҚҰ барлық қауымдастығының айқын табысы ретінде танылды.... Біз осы өңірде орнықты әлеуметтік-экономикалық дамудың және бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты одан әрі нығайтуды қамтамасыз ету үшін тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Орталық Азияда туындап отырған мәселелерге ЕЫҚҰ назарын аударуға барлық жағдайды жасаудамыз.      

– Қазақстанның ЕЫҚҰ аясында жеткен жетістіктері ерекше қуантады. Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен ауқымды реформалар жүргізілуде. Біз полиция мен сот әділдігі салаларын реформалау ісіне қатысуға және осы бағыттағы тәжірибемізбен бөлісуге дайын екенімізді білдіргім келеді, - деді ЕҚЫҰ-ның Астанадағы офисінің басшысы, елші Дьердь Сабо. Елші ЕЫҚҰ-ның Қазақстандағы қызметінің қорытындысы бойынша мынадай мәліметтерді жариялады:  – 20 жыл ішінде біз 1500-ге жуық шараны жүзеге асырдық, бюджеттік шығындар 42 миллион еуроны құрады, ЕЫҚҰ қатысушы-елдерге 60-тан астам сапар ұйымдастырылды. 2013 жылдан бастап жыл сайын 5 мың адам біздің шараларымызға қатысты, бұл – жалпы есептгенде осы жылдар ішінде шараларымызға 100 мыңға жуық адамды тартқанымызды білдіреді.

Конференцияның пленарлық отырысында Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай, ЕҚЫҰ-ның адам саудасына қарсы күрес жөніндегі үйлестірушісі Мадина Жарбосынова, Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы «БҰҰ- Әйелдер» құрылымының өкілі, Қазақстандағы көпжақты бөлімшенің Басшысы (Орталық Азия) Илейн М. Конкиевич, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов, ЕҚЫҰ, дипломатиялық миссиялар өкілдері, Қазақстанның саяси және бизнес элита өкілдері сөйледі.

– Бүгінгі шарада ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы офисінің 20 жылдық қызметінің позитивті қорытындыларының айтылуымен қатар қазақстандықтар мен Ұйым тарапынан мәселелерді шешу барысында кездесетін проблемалар да көтерілді. Елбасы кітапханасы одан әрі  ЕЫҚҰ-мен өзара тиімді ынтымақтастық пен табысты әріптестікті талқылау мақсатында диалогқа дайын. Орталық Азия өңірінде тұрақты даму мен қауіпсіздікті нығайту саласында Елбасы кітапханасы мен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы офисі арасындағы ынтымақтастық бағыттарын белгілеуді пайымдаймын. Кітапхананың бай практикалық тәжірибесі мен ресурстары қазақстандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен қазіргі заманның жаһандық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға және оның шешу жолдарын анықтауға мүмкіндік берген жүзден астам халықаралық конференциялар мен семинарлар өткізуге мүмкіндік берді... Бүгінгі конференция өңірлік қауіпсіздік, оның ішінде трансшекаралық қатерлер мен қауіптерге қарсы қимыл бойынша Қазақстанның ЕЫҚҰ-мен ынтымақтастығын күшейтуге ықпал ететініне сенімдімін, - деді конференцияны қорытындылаған Ә.М.Рахымжанов.

Конференция аясында «Қазақстан және ЕҚЫҰ» атты көрме ұсынылды. Көрмеде Елбасы кітапханасының музейлік, архивтік жәдігерлері мен кітаптар жинағының негізінде ЕҚЫҰ құрамындағы Қазақстан тарихындағы ерекше есте қаларлық және маңызды оқиғалар ұсынылды. Мысалы, 1992 жылғы 30 қаңтарда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық бойынша Кеңеске (сол кездегі атауы) кіруі және Н.Ә.Назарбаев бастаған Қазақстан делегациясының ЕҚЫК қатысушы елдері мемлекет және үкімет басшыларының Хельсинки кездесуі отырысына қатысуы. Осы кездесуде Хельсинки Қорытынды актісі принциптерін Азияда тарату бойынша Қазақстан тарапынан маңызды бастамалар ұсынылған болатын және Париж хартиясына қол қойылды. Жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында біздің мемлекет мынадай шаралар қабылдады: ядролық қарудан бас тартты, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құрды, Еуразия кеңістігінде интеграциялық үдерістерді нығайтты, өркениеттер мен діндер диалогын қолдады. 2010 жылы  Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Он жылдан астам үзілістен кейін 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиттін жоғары деңгейде өткізді. Хельсинки актісінде және Жаңа Еуропа үшін Париж хартиясында, ұйымның басқа құжаттарында бекітілген ЕҚЫҰ принциптері мен құндылықтарын, міндеттемелерін Саммит қатысушылары растаған Астана декларациясының қабылдануы.

«Қазақстан және ЕҚЫҰ» көрмесінде архивтік құжаттар мен суреттерден басқа нышандық экспонаттар да ұсынылды. Мысалы, ЕҚЫҰ-ның Астана саммитінің отырыстарында Президент Н.Ә.Назарбаев қолданған «балға».