ЕЛ БОЛАШАҒЫ – ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 2019 жылғы 23 қаңтарда өткен Жастар жылының салтанатты ашылу рәсіміне еліміздің әр өңірінен бірінен бірі өткен, ізденімпаз, белсенді жастардың келгені белгілі. Солардың бір тобы елордамыздағы сәулеті жағынан да, мазмұны жағынан да ерекше кешен - Елбасы кітапханасына арнайы ат басын бұрды.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастарға Елбасы кітапханасының қызметкері Жадыра Әубәкірова өткен жылы ашылған «Н.Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» тұрақты көрмесін жан-жақты таныстырды.  Еліміз бен Елбасымыздың ядролық қару мен ядролық сынақтардан бас тартуға негізделген, жалпыға бірдей қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін шешу туралы әлемдік бастамаларын  озық, әрі жаһандық көзқараспен ұсынған инновациялық мультимедиялық технологиялар кешенінде қатысушылар ерекше күй кешті.

Атырау қаласы М.Әуезов атындағы №7 мектептің әскери дайындық пәнінің мұғалімі Таңатар Шалқарұлы таңданысын жасыра алмады:

–Кеше ғана Қазақстандағы Жастар жылының салтанатты ашылуына арналған үлкен форумда болдым. «Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмдеріңізге байланысты» деп Мемлекет басшымыз жиылған жастарға мол сенім артты. Ал, бүгін  Елбасы кітапханасындағы Тұңғыш Президентіміздің тәуелсіздік жылдарынан осы күнге дейінгі мемлекеттілігімізді құру жолындағы көшбасшылық қайраткерлігін паш ететін құнды жәдігерлермен таныса келе, жауапкершілік жүгінің еселене түскендігін байқадым. Енді, елге барып көрген-түйгенімді жас өрендердің бойына сіңіру – менің азаматтық парызым.

Қазақстан Президентінің халқымызға арналған Жолдауындағы өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін «Жас сарбаз» қозғалысын құру міндеті республикалық деңгейде орындалуда.  Әскери-патриоттық тәрбие беру ісін дамыту мақсатында құрылған қозғалыстың қарқынды жұмысы өңірлерлерде де жалғасын табуда.

– Мен бұл форумға жамбылдық жастардың атынан келіп қатыстым. Тәуелсіз еліміздің негізін қалап, мемлекетіміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Елбасымен осымен төртінші рет кездесу бақыты бұйырды, оның екеуінде Нұрсұлтан Әбішұлымен қол беріп амандыстым. Мен үшін бұл үлкен мәртебе. Мұндай жүздесулер – менің одан әрі қанаттануыма күш береді. Бұл форумда Мемлекет басшысының жастарға артқан мол үмітіп арқалап,  замандастарымның жеткен жетістіктеріне қуанып, өзімді одан сайын қайрай түстім. Жастар жылы – бізге берілген тарихи мүмкіндік. Бойымыз күш-жігерге, ойымыз білім мен тың идеяларға толы шақта мемлекетіміздің көркеюіне өз үлесімізді қосуымыз керек, - деп ой бөлісті  Жамбыл облысындағы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалыстың өңірлік төрағасы Асхат Олжабаев.