ЕЛ ТАРИХЫ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ЖӘДІГЕРЛЕРІ, КІТАПТАРЫ МЕН АРХИВТІК ҚҰЖАТТАРЫНДА. 20 ЖЫЛ БҰРЫН ЕЛБАСЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙЫНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ АТАП ӨТІЛДІ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев осыдан 20 жыл бұрын, 1999 жылғы 3 қыркүйекте Атырау облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан мұнай өнеркәсібінің 100-жылдығына арналған мерекелік іс-шараларға қатысты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Қазақстанның Тұңғыш Президенті қазақстандық мұнайшылардың саланы дамытуға, «қара алтынды» өндіруші қуатты және жоғары білікті мамандарды жасақтауға қосқан мол үлестерін атап өтті. Ол «Қазақстанның мұнай байлығын игеру орасан зор салымды қажет ететіндігін және Қазақстанның мұнай саласына ауқымды инвестициялар салған шетелдік мұнай компанияларының өкілдеріне ризашылығын білдірген болатын. 

Дегенмен, тәуелсіздік таңында, кеңестік экономиканың күрт төмендеуі шегінде, өндіріс көлемінің қысқаруы, инфляцияның күш алуы, бюджет жетіспеушілігінің өсуі мен тұрғындар өмір сүру деңгейінің құлдырауы жағдайында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа геосаяси және ұлттық ерекшеліктерді есепке ала отырып, тәуелсіз мемлекеттің жаңа институционалдық, саяси және әлеуметтік-экономикалық моделін құру жөнінде күрделі де жауапты шешімдерді қабылдауға тура келді. Осы жаңа «архитектураның» іргетасы - тәуелсіз Қазақстан тарихында басты рөл атқарған мұнай-газ өнеркәсібі болды. Еліміздегі келешекті және болжамды көмірсутек қорлары - саланың болашақтағы дамуы үшін берік негіз болды.   

Бұл жөнінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жолы» кітабында былай жазады: «Сол кезеңдегі біздің экономикамыздың «қан тамыры» қазақ жерінің «қара алтыны» - мұнайы болды. Мұнай мен газ тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап басты қорымызға және бастапқы капиталымызға айналды».  

Қолданыстағы және жаңа мұнай-газ кен орындарын пайдалану, ішкі магистралды мұнай құбырларының бірыңғай жүйесін дамыту және әлем нарықтарына көмірсутек шикізатын экспорттауды қамтамасыз ету жолымен ұлттық энергетикалық тәуелсіздігімізді қамтамасыз ету Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жариялаған мемлекеттік саясаттың кезек күттірмейтін міндеттерінің бірі болды. Елбасы шетелдік қаражатты тарту арқылы мұнай-газ өнеркәсібін дамытуға басты назар аударды. Ол жаңа тәуелсіз мемлекетті нарықтық экономикаға бағыттау үшін тұтас елдің тұрмыс дәстүрін, ойлау үдерісін және іс-әрекетін түбегейлі өзгерту қажеттігін түсінді.    

1990-жылдардың басында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен бірінші рет өте қысқа мерзім ішінде елімізде мұнай-газ өнеркәсібін дамытудың ұзақмерзімді стратегиясы әзірленіп, Президент пен Үкімет тікелей жетекшілік ететін саланы басқарудың тәуелсіз жүйесі құрылды. Оны жүзеге асырушылар – мұнай мен газды барлау мен өндіру, тасымалдау салаларындағы бейінді министрліктер мен қуатты ұлттық компаниялар болды. Олардан пәрменді іс-әрекеттерді қабылдау талап етілді. Алғаш болып мемлекеттік органдар мен инвесторлардың барлық үдерістері мен қарым-қатынасын одан әрі жетілдіруге негіз болған жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнамалық негіз әзірленіп, енгізілді.     

Бұдан басқа, мұнай-газ өнеркәсібін қазақстандық экономиканың іргетасы ретінде дамыту қажеттігін бірден түсінген Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік таңында дұрыс шешім қабылдады: елімізде жеткіліксіз халықаралық тәжірибе және заманауи технологиялар арқылы тұралаған қазақстандық экономикаға жан бітіріп, келешекті кен орындарын пайдалану мен еліміздегі бай шикізат көлемін әлемдік нарықта сату үшін шетелдік компаниялар мен кеңесшілерден көмек сұрады.

Жоғарыда айтылғандарды Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы мына сөздер дәлелдей түседі: «Ірі шетелдік бизнесті ауқымды инвестицияларға өте мұқтаж қазақстандық өнеркәсіп жобаларына тарту үшін, шынында да, үлкен күш-жігер керек болды. Бірінші кезекте, ол Атырау облысындағы Теңіз мұнай кен орнына байланысты еді. 1992 жылдың күзінде мұнайшылардың және геологтардың қатысуымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Күн тәртібіндегі мәселе – мұнай-газ саласын дамыту жолы болатын. Түбегейлі қорытынды жасалды: Теңізді игеру керек! Осы кен орнының консервациясы Қазақстанды мүлдем қанағаттандырмайтын. Өйткені экономиканы дағдарыстан алып шығатын бірден-бір сала – осы мұнай-газ болатын.

Теңіздің әлеуетін толық мәнінде игере алатын компания іздеу барысында мемлекет әлемдегі ең ірі энергетикалық компаниялардың бірі – Американың «Шеврон» корпорациясымен келіссөз жүргізуге қайта оралды. Келіссөз қиын болды әрі ұзаққа созылды, ортақ келісімге келудің сәті түспеді.

Сөйтіп, 1992 жылдың наурызында Қазақстан, егер «Шеврон» дегенінен қайтпаса, Теңіз кен орнын игеруге халықаралық тендер жариялауға әзір еді. Нәтижесінде, сәті түсіп, тараптар келісімге келді. Сөйтіп, 1993 жылдың 6 сәуірінде Алматыда «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қойылды. Бұл жас Қазақстанның бірінші ірі инвестициялық табысы болатын. Әрі бұған дейін Қазақстан экономикасына инвестиция салуға асықпаған, әлемдік халықаралық топтардың назарын елімізге аударды.

Шетелдік әріптестермен кездесулерде маған әлемдік бизнес элитаны Қазақстанның сенімділігі мен тұрақтылығына, инвесторлар алдындағы барлық міндеттемелерді сөзсіз орындайтынына сендіруге тура келді».

Кеңестер Үкіметінің құрсауынан жаңа ғана шығып, тәуелсіздікті жариялағанмен, экономикасы тұралаған, әлі шекарасы бекемделмеген, ұлттық валютасы да жоқ жас мемлекетімізге, Елбасымыздың әлемдік шетел инвесторларын сендіріп, инвестиция тартуы – жоқтан бар жасау, орындалмас арманды орындату, шын мәнінде ерлік емес пе?!

«Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың америкалық президентпен келіссөздері жөнінде жазған мына сәттер оның экономиканың барлық салалары бойынша жоғары білімі бар сауатты басқарушы, әрі мәмілегерлік дарынын аша түседі:  «Бір аптадан соң Мәскеуге СНВ-2 келіссөзіне қол қоюға келген АҚШ президенті үлкен Джордж Бушпен кездестім. Біз ол кісімен бірге «Шеврон» мен «Теңізмұнайгаз» арасындағы келіссөздерді жан-жақты талқыладық және жобаны қолдауға келістік. Мен кен орнының барлық қиындықтары, нақтырақ айтқанда, күкірттің молдығына байланысты тасымал технологиясының жоқтығы және т.б. кемшіліктер туралы айтып бердім. Кәсіби саясаткерлердің өндіріс процесінің технологиялық жағын түсіне қоюы сирек жағдай. Сондықтан Джордж Буш осы техникалық нақтылықтардың бәріне қатты әсерленді және менен: «Сіз, шамасы, мұнайшы сияқтысыз ғой?» – деп сұрады. «Жоқ, мен металлургпін, бірақ, Қазақстанның басшысы есебінде, маған мұнай өнеркәсібімен өте жиі айналысуға тура келеді», – дедім».

Сонымен қатар, Теңіз кен орнын игеру мақсатында құрылған «Теңізшевройл» бірлескен компаниясының Қазақстан экономикасын көтеруге мол үлес қосқанын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мына сөздері дәлелдейді: «25 жыл ішінде «Теңізшевройл» мұнай-газ нарығында көшбасшыға айналды. Жоба іске қосылғаннан бері мұнай өндіру көлемі 30 есе өсіп, тарихи меже - үш миллиард баррельге жетті. «Теңізшевройл» компаниясы экономиканың машина жасау, мұнай-газ саласындағы қызмет көрсету, көлік және құрылыс сияқты салаларында жұмыс істейтін мыңдаған қазақстандық кәсіпорынның дамуына жол ашты. Бұл дегеніміз салықтар, дивидендтер, Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу. Бүгінде жоба аясында 30 мыңнан астам азаматымыз жұмыспен қамтылған, ал жобаның барлық шығынының 32 пайызынан астамы Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің үлесіне тиесілі».

Осылайша, Қазақстан Тұңғыш Президентінің кемеңгерлігі мен көрегендігінің және барлық ірі келіссөздер үдерістеріне жеке қатысуының арқасында ЖІӨ мен әлеуметтік әл-ауқаттың өсуіне ықпал еткен орасан мол шетелдік инвестициялар тартқан посткеңестік кеңістіктегі алғашқы тәуелсіз мемлекет болды. Тәуелсіздік жылдарында мұнай-газ өнеркәсібі жаңғырды. Біздің республика мұнай, газ конденсатын және табиғи газды өндіруді бірнеше есе арттырып, әлемдік мұнай құрылымына үйлесе енді. Жалпы стратегиямен бірге Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасы, газ саласын дамытудың бағдарламасы қабылданды, мұнай және газ күре жолдарының оңтайлы желісі құрылды, отандық мұнай өңдеу мен мұнай-химия индустриясы жаңғыртылды. Осылайша, Қазақстанда экономикалық дамудың экстенсивті түрінен интенсивті түріне көшуге берік негіз қаланды, ал әлемдік экономикадағы дағдарыстық құбылыстар елімізде аталған сапалы көшуді жеделдетуге түрткі болды. Бүгінде мұнайдан түскен кірістер болашаққа ұмтылған ұлт игілігіне қызмет етуде. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей: «мұнай байлығы арқылы біздің экономикалық табысымыздың іргетасы қаланды».

Осыдан туындайтын қорытынды: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жеке қатысуынсыз, сондай-ақ оны қолдаған алғашқы мұнайшылар мен өз ісіне берілген, туған жерінің жарқын болашағын армандаған азаматтарсыз жас тәуелсіз Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің қазіргі таңданарлық табысы мүмкін болмас еді.

Еlbasy.kz сайтының «Қызметінің хроникасы» тарауында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан мұнай өнеркәсібінің 100-жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінің мәтіні орналастырылған. Аталған мәтінмен осы жерде танысуға болады.

Фотосуреттер ҚР Президенті Елбасының Жеке архивінен