«Ел тарихы Елбасы кітапханасының жәдігерлері мен архив құжаттарында» ақпараттық жобасы қалың жұртшылықты Елбасы кітапханасының экспозицияларында ұсынылған немесе қорында сақталған жәдігерлермен таныстыруын жалғастырады.

Барлық жәдігерлер Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың ел ішіндегі және сыртқы саясаттағы көп қырлы қоғамдық-саяси қызметінің түрлі аспектілерін айшықтайды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қашанда мұсылман әлемімен және жалпы араб елдерімен достық қарым-қатынасты еліміздің сыртқы саясатының маңызды бір бағыты ретінде қарастырып келеді. Мұндай қадамдар Қазақстанның саяси-экономикалық интеграциясының әлемдік қауымдастықтармен және өзге елдермен сыртқы саясатты нығайтудағы жан-жақты әрі келешек дамуының жолдарын қамтамасыз етеді. Қазақстанның Парсы шығанағындағы мұнай өндіретін дәулетті елдермен қатынасты дамытуы қазақстандық дипломатия қызметін кеңейту, қосымша сауда-экономикалық кеңістік міндеттерімен және Қазақстанның қаржы-экономикалық реформасын қамтамасыз ету мақсатымен тығыз байланысты.

Өзара түсіністіктің басты себебіне айналған Қазақстан мен Парсы шығанағы елдері халықтарының тарихы, мәдениеті және дінінің ортақтығы да маңызды рөл атқарады.

1993 және 1994 жылдар аралығында Қазақстан мен Сауд Арабиясының сыртқы саяси ведомстволары үдемелі дипломатиялық байланыста болды. Екіжақты қарым-қатынастағы тарихи қадам – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 1994 жылдың қыркүйегінде Араб Королдігіне алғашқы ресми сапары еді. Осы сапар барасында жоғары деңгейдегі саяси үнқатысудың негізі қаланып, барлық салалар бойынша екіжақты ынтымақтастық орнатылды.

1994 жылдың 25–27 қыркүйегіндегі ресми сапар аясында Сауд Арабиясының королі Фахд бен Абдел Әзиз мырза Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Мәсжид әл-Харам (Қасиетті мешіт) мен Қасиетті Қағба макетін тарту етті. Қасиетті мешіт – әлемдегі басты әрі ең ірі мешіт. Оның ішкі ауласында исламның басты киесі саналатын – Қағба бар. Мешіт Сауд Арабиясының Мекке қаласында орналасқан. Макет алтын мен күмістен жасалған.

Қазақстан мен Сауд Арабиясы Королдігінің арасындағы жан-жақты байланыстың күшеюі еліміздің өзге де Парсы шығанағындағы араб елдерімен қатынасының дамуына оң серпін берді. Н. Ә. Назарбаевтың 1997 және 1998 жылдардағы Кувейт, Бахрейн, Оман, Катар және Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары Таяу Шығыс бағыты бойынша Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты оқиғаларға айналды. Осылайша еліміздің Парсы шығанағы аймақтарымен өзара қарым-қатынасы жоғары сапалы жаңа деңгейге көтерілді.

1997 жылдың 31 тамызынан 1 қыркүйекке дейінгі ҚР Президентінің Кувейтке ресми сапары барысында Н. Ә. Назарбаев Кувейттің Әмірі шейх Джабер әл-Ахмед әл-Джабер Ас-Сабахпен, Премьер-министр шейх Сабах әл-Ахмед әл-Джабер Ас-Сабахпен келіссөздер жүргізіп, кувейттік жетекші бизнес топтарымен және Кувейттің Сауда-өнеркәсіп палатасы кеңесінің мүшелерімен кездесті. Сапардың қорытындысы бойынша Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге, Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге, сондай-ақ Екі елдің сыртқы істер министрліктері арасындағы кеңес беру туралы меморандумға қол қойылды.

1997 жылдың 31 тамызында жоғары деңгейде өткен кездесу барысында

Н. Ә. Назарбаевқа Әл-Кувейт қаласына сапарынан естелік ретінде ағаш пен металдан жасалып, алтындатылған «Үш мұнара» («Три башни») кәдесыйы тарту етілді.