2019 жылғы 25 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбековтың төрағалығымен өткен кеңесте 2018 жылғы атқарған жұмыстар туралы қорытынды есеп тыңдалып, 2019 жылға арналған жоспарлар анықталды.

Өткен жылда атқарылған жұмыстар туралы есептік баяндаманы Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов жасап, Елбасы кітапханасының мұрағат, музей, ғылыми-зерттеу, білім беру, мәдени-ағартушылық қызметтері  туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Жыл бойы жасалған жұмыстар жиынтығы – Назарбаев орталығы ғимаратының бесінші қабатында ұйымдастырылған жаңа басылымдар, жәдігерлер және мұрағаттық құжаттардан тұратын көрмеде көрініс тапты.  

Махмұд Базарқұлұлы Елбасы кітапханасының өткен жылғы атқарған жұмыстарының нәтижелеріне оң бағасын берді. Ол өз сөзінде, халық арасында Елбасы идеялары мен бастамаларын насихаттауға бағытталған  «Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасының 2018 жылы Қазақстанның үш өңірінде сәтті өткенін тілге тиек етіп, басқа да жоғары деңгейде өткен ақпараттық-имидждік іс-шараларды атап өтті.

Сонымен қатар, М.Б.Қасымбеков келесі жылға арналған мекеменің ағымдағы жылғы жоспары мен перспективалық даму мәселелеріне тоқталып, бірқатар нақты тапсырмалар берді.