ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА «НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: КЕМЕҢГЕРЛІКТІҢ 30 ЖЫЛЫ» АТТЫ КӨРМЕНІ АШТЫ

2019 жылғы 21 маусымда Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметте болуының 30 жылдығына арналған «Нұрсұлтан Назарбаев: Кемеңгерліктің 30 жылы» атты кешенді тақырыптық көрме ашылды. Көрме хронологиялық тұрғыда ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының ортасынан бастап Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саясатының арқасында Қазақстан әлемге кең танылған қазіргі уақытқа дейінгі кезеңді қамтиды.

Көрменің негізгі датасы 1989 жылғы 22 маусым – Н.Ә.Назарбаевтың ҚКП ОК бірінші хатшысы болып тағайындалған күні. 1989 жылғы оқиғаларды көрсететін айналымға тұңғыш рет енгізілген Елбасының жеке архиві құжаттарының кешені 30 жыл бұрын болған жағдайды нақты түсінуге мүмкіндік береді. Құжаттар мен суреттерден тұратын қатарлар, бейнехроника материалдары, музей мен кітапхана жинақтарының жәдігерлері Қазақстан Республикасы мен посткеңестік кеңістіктің даму жолының сипатын көп жылдарға алдын ала анықтаған сол кезеңнің тағдыршешті оқиғаларынан сыр шертеді.

ХХ ғасырдың 80 жылдарындағы күрделі әрі қайшылыққа толы жағдайда республиканың бірінші басшысы Н.Ә.Назарбаев сол уақытта күн тәртібінде тұрған қордаланған мәселелерді шешуге бел буды: түбегейлі экономикалық реформалар бағдарламасын жүзеге асыру, одақ пен республика арасындағы өкілеттіктерді нақты ажырату, әлеуметтік тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту.

Н.Ә.Назарбаев барлық жақтардың құқықтарын теңестірген және ешқандай тілге артықшылық бермейтін таразыланған, орталықшыл көзқарасты жақтаушы ретінде «Тіл туралы» заң жобасын әзірлеу мен ілгерілетуге белсенді ат салысты. Салмақты шешімнің арқасында 1989 жылғы қыркүйекте қабылданған Қазақ КСР-сының «Тіл туралы» Заңы белгілі бір деңгейде ұлтаралық қарым-қатынастағы өткірлікті азайтып, республикада тұрақтылықты нығайтуға үлес қосты.

1989 жылдан бастап 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының түпбейнесі ұлттық-мәдени орталықтар ашыла бастады. Қазақстан әлемге тарыдай шашылған қазақ диаспорасын бір ортаға жинай бастады, оның орталық ұйымы 1992 жылы құрылған Қазақтардың Дүниежүзілік құрылтайы болды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қадамдарының тарихи көрінісі Семей ядролық сынақ полигоны жабылған сәттен басталады. Бұл - ядролық қарудан бас тартудан ядролық қарусыз әлем тұжырымдамасына өтуді көздеген мемлекеттік даму стратегиясын анықтаған оқиға болып саналады. 1991 жылғы 29 тамызда Н.Ә.Назарбаев Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды.

1989-1991 жылдардағы Нұрсұлтан Назарбаевтың егемендікті, аумақтық тұтастықты қамтамасыз етудегі, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтудағы тұрақты қызметі институционалдық негіздерді қалыптастыра отырып, болашақ егемендіктің іргетасын қалады.

Көрменің басым бөлігі Қазақстанның мемлекеттік егемендігінің дүниеге келген жері – Алматы қаласына арналған. Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылдануы (1990 ж. 25 қазан), президенттік институттың құрылуы (1990 жылғы 24 сәуір) және Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы (1991 ж. 29 тамыз) – бұл оқиғалар Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуының көкжиегін айқындады. Осы оқиғалар көрме материалдарында көрініс табады.

Елбасы кітапханасы музейлік жинағының архивтік материалдары мен бірегей жәдігерлер кешені негізінде 1991 жылдың маңызды оқиғаларының көрінісі жасақталған: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін сайлау (1991 жылғы 1 желтоқсан) және мемлекеттік егемендікке қол жеткізу (1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Заңы). Жәдігерлер арасында сайланған Елбасы Н.Ә.Назарбаевты жалпыхалықтық қолдаудың нышаны болып табылатын ақ киіздің орны ерекше. ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының бірінші жартысындағы басты оқиғалардың тізбегін Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қалыптасу тарихы, еліміздің мемлекеттік шекараларын заңдық рәсімдеу және Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясының қабылдануы жөніндегі материалдар жалғастырады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 50-ге жуық атауы бар әлемнің түрлі елдерінің жоғары мемлекеттік марапаттарының бірегей топтамасының орны ерекше. Ядролық қарусыз әлем құру, бітімгерлік бастамалары, жаһандық қауіпсіздік, интеграциялық үдерістер идеяларын ілгерілету бойынша Елбасының көрнекі еңбектерінің кең ауқымын көрсететіндіктен бұл топтама жүйе қалыптастырушы болып саналады. Қысқа уақыт ішінде тиімді халықаралық үнқатысу алаңына айналған елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына арналған тақырып та үлкен қызығушылық танытады.