ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 28 маусымында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары және Ғылыми кеңес төрағасының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжановтың төрағалығымен кезекті Ғылыми кеңестің отырысы өтті.

Отырысты ашқан Әмірхан Рахымжанов Ғылыми кеңестің күн тәртібіне белгіленген сұрақтарына тоқталды.

Бірінші сұрақ бойынша сөз алған Архив және ақпараттандыру қызметінің басшысы Еран Мағұзұмов басылымға ұсынылып отырған «Мемлекет басшысының Жеке архиві қоры бойынша жолкөрсеткіш. 2-тарау (ХХ ғасырдың 80–90 жж.)» (архивтік) анықтамалығының маңыздылығын ашып айтып берді:

– Аталмыш жолкөрсеткіш Мемлекет басшысының Жеке архиві қоры бойынша базалық құрылымдық анықтамалық болып табылады. Бүгінгі басылымға ұсынылған жолкөрсеткіш анықтамалығының екінші шығарылымы, 2017 жылы басылып, көпшілік назарына ұсынылған бірінші шығарылымында жолкөрсеткіштің мақсат-міндеттері мен қолданылу ережелері егжей-тегжейлі баяндалған. Топтамада 1940 жылдан бастап 1980 жылға дейінгі аралықтағы бейне құжаттардың барлығы сарапталып, сипаттама беріліп, тізімдеме жасалған.

Ғылыми кеңес мүшелерінің талқылауы және өзгерістер енгізілуімен «Мемлекет басшысының Жеке архиві қоры бойынша жолкөрсеткіш. 2-тарау (ХХ ғасырдың 80–90 жж.)» (архивтік) анықтамалығы, «Астана – бейбітшілік қаласы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағы, Олимпиада ойындарына арналған пошта маркалары (Елбасы кітапханасы музей жинақтарының коллекциясы бойынша) каталогі, Бүлдіршіндерге арналған жолсілтеу әліппесінің жұмыс дәптері, «Әлем халықтарының музыкалық аспаптары» (Елбасы кітапханасы музей жинақтарының коллекциясы бойынша) каталогі, «Теңге – тәуелсіздігіміздің айшықты белгісі» альбомы, «Институт президентства – основа модернизации политической системы Республики Казахстан» халықаралық дөңгелек үстел материалдарының жинағы басылымға ұсынылды. Ғылыми кеңеске ұсынылған әрбір басылым Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлерінің көп жылдық шығармашылық ізденістері мен табанды ғылыми зерттеулерінің нәтижесі болып табылады.

Ғылыми кеңес мүшелері Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші сарапшысы Күнсұлу Исинованы С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың диссертациялық кеңес құрамына енгізілуімен бірауыздан құттықтады.

Отырыс барысында Ғылыми кеңес мүшелері нақты пікірлер білдіріп, күн тәртібіндегі барлық мәселелерді қарастырды.