Бүгін Елбасы кітапханасы әлеуметтік желілердегі  үздік фото мен таңдаулы жарияланымға #ЕlbasyКіtаphаnаsynаSapar атты халықаралық байқау жариялады. Байқауға кез келген адам қатыса алады, жарияланымның тілі маңызды емес.

Есілдің оң жағалауында орналасқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі бүгінде елордамыздың бойтұмарына айналды деуге болады. Бастапқыда Президенттің еордадағы алғашқы резиденциясы болып, кейін музейге айналған ғимарат – Елбасымыз ел тағдырына қатысты стратегиялық шешімдер қабылдаған тарихи орын. Оның дәліздері мен бөлмелері - ата-бабамыз аңсаған тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуының алғашқы жылдарындағы жылнамасы іспетті.

2014 жылы құрылған Елбасы кітапханасы белгілі британ сәулетшісі Норман Фостердің жобасымен салынған Назарбаев орталығы ғимаратында орналасқан. Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен осы ғимаратта танымал отандық және шетелдік сарапшылар, саясаткерлердің қатысуымен ауқымды іс-шаралар, оның ішінде халықаралық конференциялар, форумдар, симпозиумдар өткізіледі.

Елбасы кітапханасы мен музейінде өткізілетін бірегей көрмелердің алар орны ерекше. Мұндай көрмелер  аясында көпшілікке тарихи фотоқұжаттар, мұрағаттық анықтамалар, Елбасының қолжазбалары, Тұңғыш Президенттің жеке кітапханасындағы кітаптар ұсынылады.

2015 жылдан бастап Елбасы кітапханасында екі күндік семинар-тренингтер жобасы табысты жүзеге асырылуда. «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел», «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол», «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға 100 нақты қадам» тақырыбында мемлекеттік қызметкерлерге, оның ішінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының, Ұлттық қорғаныс университетінің тыңдаушыларына, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен оқытушыларына, еліміздің түкпір-түкпірнен келетін жалпы орта білім беру ұйымдары оқушыларына, БАҚ өкілдеріне, жалпы саны – жеті мыңнан астам адамға семинар-тренингтер өткізіліп, сертификаттар берілді.  

Бір сөзбен айтқанда, Елбасы кітапханасы осы уақыт аралығында  республиканың рухани-мәдени, ғылыми-зерттеу, ағартушылық,білім беру орталығына айналды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының өмірбаяны мен қызметі туралы құнды жәдігерлерден тұратын Елбасы кітапханасының қорын жыл сайын 500 мыңнан астам қазақстандықтар мен шетелдік қонақтар тамашалайды. Олардың қатарында - шетел мемлекеттерінің бірінші басшыларынан бастап мектеп оқушылары мен бала-бақша тәрбиеленушілері. Олардың әрқайсысы Елбасы кітапханасын аралау барысында алған ұмытылмас әсерлерімен бөлісуде. Оның дәлелі - әлеуметтік желілердегі көптеген қызықты жарияланымдар  мен Тілектер кітабындағы жазбалар.  

Сондай-ақ, бүгін бастау алатын Елбасы кітапханасының екі номинация бойынша «Әлеуметтік желідегі Елбасы кітапханасындағы үздік фото» және «Әлеуметтік желідегі Елбасы кітапханасы туралы үздік жарияланым» атты халықаралық байқауы тәуелсіз Қазақстан мен оның Президентінің жетістіктерін паш ететін ашық алаң болатынына сенімдіміз.  

Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтарға ие болады. Байқаудың шарттары осы жерде.