ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ ҚОР-ІРІКТЕУ КОМИССИЯСЫ ЕКІНШІ ОТЫРЫСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

Ағымдағы жылда екінші рет Елбасы кітапханасы Қор-іріктеу комиссиясының (бұдан әрі – ҚІК) отырысы өтті. Күн тәртібіне сәйкес музейлік қорға жаңадан келіп түскен жәдігерлерді есепке алу және ҚІК-ның құрамына өзгерістер енгізу мәселелері қаралды.

    

- Елбасы мәртебесінің өзгеруіне байланысты қаралуға тиіс көптеген материалдар жинақталды. Оларды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған іс-шараларда қолдану мәселесін қарастырған жөн, - деді отырысты ашқан ҚІК-ның төрайымы, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күлайша Ақтаева.

ҚІК-ның хатшысы, Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің сарапшысы Ғайни Серікбаева қатысушыларды Елбасы кітапханасының музейлік жинағына тапсырылған жәдігерлермен таныстырды. Олардың жалпы саны 603 сақтау бірлікті құрады, оның ішінде 588 сақтау бірлік - негізгі қорда, 12 сақтау бірлік - ғылыми-қосалқы қорда, 3 сақтау бірлік - уақытша сақтауда тіркелген.

Елбасы марапаттарының топтамасы, нумизматика, кәдесыйлық бұйымдар және бейнелеу өнері топтамалары айтарлықтай толықты. Олардың арасында осы жылдың сәуір айында тату көршілік қарым-қатынасты ілгерілетуге және жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытуға қосқан зор үлесі үшін Елбасына ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин тапсырған «Достық» ордені; Пия орденінің жұлдызы; «Құрметті Сенатор» төсбелгісі; «Shell» компаниясы басшыларынан сәндік табақша; Қазақстандағы ҚХР елшілігінен Елбасы портреті; Қазақстандағы Тәжікстан Республикасының Елшісі Хайрулло Ибодзодадан «Арқар» панносы; Қазақстандағы Вьетнам Социалистік Республикасының Елшісі Нгуен Тхи Хонг Оаннан «Lotus bronze picture» панносы; Венгрия Премьер-Министрі В.Орбаннан жылқы мүсіншесі және басқа да көптеген сыйлықтар.

Музейлік жинақтардың сапалы түрде толыққандығын атап өткен ҚІК мүшелері жаңа жәдігерлерді қорлар бойынша бөлуді және оларды көрмелер мен Елбасы кітапханасының басқа да іс-шараларында қолдану жөніндегі ҚІК-ның төрайымы К.Ақтаеваның идеясын бірауыздан қолдады.

Сондай-ақ, отырыс барысында Елбасы кітапханасының баспа және редакциялау қызметінің жетекшісі Нұрасыл Тоғызбаев ҚІК-ның мүшесі болып бекітілді.