26 қарашада Елбасы кітапханасы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Тұңғыш» көшпелі экскурсиялық жобасының тұсаукесер рәсімін өткізді.

Елбасы кітапханасының «Тұңғыш» көшпелі экскурсиялық жобасы Мемлекет басшысының жасампаз идеялары мен бастамаларын, кітапхананың бірегей қорларын насихаттап, келушілерді Н. Ә. Назарбаевтың өмір жолы мен қызметімен таныстырады.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов пен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, қала тұрғындары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Салтанатты іс-шара ҚР Мемлекеттік Күзет қызметі Президенттік оркестрінің шағын концерттік бағдарламасымен ашылды.

Бүгін алғаш рет Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесі мен «Тарихи таңдау» ғылыми-экспозициялық жобасының аясындағы қоғамдық-саяси тақырыптағы көшпелі экскурсияларымызды, Еліміздің үлкен бір  білім ордасы саналатын Еуразиялық Ұлттық университетінде ашқалы отырмыз. Аталған көрменің де көшпелі экскурсиямыздың құнды материалдары осы университетіміздің ұстаздары мен студенттеріне арнайы рухани тұрғыдан берері аз болмас деп сенемін.

Құр қол келмей, халқымыздың жоралғысы бойынша Мемлекет басшысының еңбектері мен ол туралы жазылған шығармалардан тұратын кітаптар коллекциясын сый ретінде ала келдік. 100-ден астам кітаптан тұратын коллекцияның құрамында Елбасымыздың бұған дейін әлем тілдерінде жарық көрген еңбектері мен Президенттің өмірі мен қызметін қамтитын, «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» деп аталатын туындылар да бар. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев. Қызмет хроникасы» «Таңдамалы сөздер» деп аталатын көптомдық та тәуелсіздігіміздің шежіресі ретінде әр кітапхананың ғана емес, әр басшы мен ғылыми ізденісте жүрген әрбір азаматтың әсіресе студент-жастардың үй кітапханасынан орын алатын еңбектер деп ойлаймын. Елбасымыздың парасатты пайымдаулары мен ой-толғаныстарынан тұратын  «Ұлы дала ұлағаттары» деп аталатын кітаптар, тағы басқа туындылар да ойлы оқырманды ешқашан енжар қалдырмайтын еңбектер екені ақиқат,-деді Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдар докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов аталмыш іс-шарамен қатар «Шығармашылық. Жасампаздық. Инновациялар» көшпелі қор көрмесінің де ашылуын жақсылыққа балады.  

Қазақстан Республикасының Президенті күні қарсаңында Елбасы кітапханасы оқу орнымызға «Тұңғыш» атты бірегей көрме әкеліп, жалпы білім саласына серпін бергелі тұр. Ұлт көшбасшысы айқындағандай, «Тәуелсіздік дәуірі» - заман айнасы. Қазақстан үшін оның әрбір жеңісі Елбасы есімімен байланысты. Сондықтан ашылғалы отырған «Тұңғыш» көрмесі – жоғары мектеп үшін, профессор-оқытушылар мен білім алушылар үшін нағыз өмірлік оқулық болғалы тұр. «Тұңғыш» көрмесінің «Күлтегін» атриумынан басталуының да рәміздік мәні бар. Өйткені, бұл жәдігерлік те Елбасы ыждағатының арқасында ғана Астанаға, елорданың бас университетіне дер кезінде жеткізілді. Бұйырса, бұл көшпелі көрмені 24 мыңдық ұжымымыз және елорданың басқа да білім мекемелері тамашалайтын болады, -деп атап өтті Ерлан Сыдықов.

Көрмеде Мемлекет басшысына ерен еңбегі мен жаһандық бастамалары үшін  берілген қоғамдық наградалар кешені ұсынылды. Экспозицияда алғаш рет Еуропа, Америка және Азия елдерінің беделді жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерінен тарту етілген 25 мантия  қойылды.

Университет аудиторияларында Ұазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы туралы деректі фильмдер көпшілік назарына ұсынылды. Кешкі сағат 19:00-де ЕҰУ ҚР Тұңғыш Президентінің аудиториясында профессор-оқытушылар құрамы мен студент жастарға, іс-шара қонақтарына арнайы ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің концерті өтті. Президенттік оркестр құрамында жемісті еңбек етіп жүрген үрмелі оркестр, халық ансамблі, камералық музыка ансамблі, ән мен эстрада ансамблі, сондай-ақ би ансамблі сынды ұжымдар қалың жұртшылыққа өнерлерін паш етті.

«Шығармашылық. Жасампаздық. Инновациялар» көрмесі Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде (Астана қ., Сәтпаев 2, 1 қабат, атриум «Күлтегін») 2018 жылдың  20 желтоқсанына дейін жалғасады.