ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ МЕН ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫ АКАДЕМИЯСЫ АРАСЫНДА МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

13 ақпан күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен ҚР Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Келісімге қол қою - екі мекеме арасында бұрыннан қалыптасқан ынтымақтастықтың қисынды жалғасы болды.

– Елбасы кітапханасы ашылғалы бері серіктестік қатынастарды дамытуға бағытталған бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Осындай қызмет түрі екі жаққа ұтымды жобалар мен бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға мүмкіндік береді. Елбасы кітапханасының ғылыми-білім беру жобалары Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің тұжырымдамалық идеялары мен жаһандық бастамаларын, жастар жобаларын жүзеге асыру арқылы «Қазақстандық жол» ерекшеліктерін, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын, Елбасының бағдарламалық құжаттары мен мақалаларын зерделеуге бағытталған. Біз қоғамдық-саяси күн тәртібімен үндесу мақсатында семинар-тренингтер тақырыбын жыл сайын жандандырып отырамыз, - деді кездесуді ашқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов.

Құқық қорғау органдары Академиясының ректоры Ерғали Мерзадинов Елбасы кітапханасы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге мол үлес қосып жатқанын және Академия тыңдаушылары кітапхананың білім беру бағдарламаларының белсенді қатысушылары екенін атап өтті.

Қол жеткізілген келісімдердің маңыздылығына тоқталған Е.С.Мерзадинов пен Ә.М.Рахымжанов қалыптасқан әріптестік қарым-қатынастардың сипаты мен сапасының қанағаттанарлық екенін, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын ілгерілетуге бағытталған ынтымақтастықтың басқа да перспективалық бағыттарын жүзеге асыруға және жастар саясатын дамыту саласындағы өзара іс-қимылға дайын екендіктерін білдірді.

Тараптар еліміздің қалыптасуы және даму тарихын зерттеу бойынша бірлескен мәдени-білім беру, шығармашылық және ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізуге уағдаласты. Екі жақ қазақстандық қоғамды жан-жақты жаңғырту жағдайында көздеген мақсатттарды жүзеге асыру бойынша бірлескен күш-жігерді жұмылдырудың, бірлескен білім беру және қоғамдық басымдыққа ие  іс-шараларды өткізудің маңыздылығы жөнінде ортақ пікірге келді.

  

Елбасы кітапханасына келу барысында Құқық қорғау органдары Академиясының ректоры Е.С. Мерзадинов «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингінің қатысушылары – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен  Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенттерімен кездесті. Ол жастарға Академияның қызметі мен оқуға түсу шарттары туралы айтып берді, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Ә.М. Рахымжанов Елбасы кітапханасынан естелік ретінде қонаққа «Нұрсұлтан Назарбаев. Биография» кітабы мен «Біз білетін Елбасы» кітабының үш томдығын тарту етті. 

ФОТОБАЯН