ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ МЕН ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНА ТЫҒЫЗ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫН ҚҰЖАТПЕН РАСТАДЫ

Алматы қаласында бүгін Елбасы кітапханасы мен Қазақстан Республикасының ұлттық кітапханасы арасындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Құжат мәдени-білім беру, ғылыми-зерттеушілік жобаларды ортақтаса іске асыруды, сондай-ақ мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын бірге ілгерілетуді көздейді.

Оған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов пен Қазақстан Республикасы ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова қол қойды. 1910 жылдың 31 желтоқсанында ашылған кітапхананың алғашқы директоры болып мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов тағайындалды. Мекемеге 1991 жылы "ұлттық" мәртебе берілді. Бүгінде ол ұлттық кітап сақтау қорына айналып, қазақ халқының және Қазақстанда тұратын этностардың жазба мұрасын жинап, сақтауда.

6,9 млн сақтау бірлігін құрайтын кітап қорының ғимараты 1970 жылы арнайы жобамен тұрғызылып, Мемлекеттің тарихи және мәдени ескерткіштері тізіміне кірген.

Қызметтік сапар аясында Елбасы кітапханасының директоры Ә.М. Рахымжанов Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде де болды.