ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ ЖАҢА БАСЫЛЫМДАРДЫ ДАЙЫНДАУДА

26 кыркүйекте Елбасы кітапханасының Ғылыми кеңес мүшелері жақын арада оқырман назарына ұсынылатын ғылыми еңбектерді талқылады. Болашақта шығарылатын басылымдар топтамасына оқу-әдістемелік материалдар мен тәжірибелік құралдардан бөлек, Н.Ә. Назарбаевтың қоғамдық марапаттар топтамасының каталогы, Астанада өткен тарихи оқиға -Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің І съезінен сыр шертетін сирек суреттер альбомы енгізіледі.

Кеңес отырысын ашқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов күн тәртібіндегі жеті мәселеге тоқталды.

«Жоғары құрмет белгілері» – Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық марапаттар топтамасы туралы мәліметтерді ұсынатын екінші толықтырылған каталог. Алғашқы каталог 2015 жылы «Жоғары құрмет белгілері» көрмесіне орайластырылып жарық көрген болатын.

– Қоғамдық марапаттар топтамасында 700-ден астам ордендер, медальдар, төсбелгілік құрмет белгілері және басқа да көптеген бағалы марапаттар бар. Топтама толық болғандықтан тұрақты экспозициядан бөлек мұражай сабақтарындағы уақытша көрмелерде, сондай-ақ көшпелі жобалар кезінде де ұсынуға мүмкіндігіміз бар. Қор жоғары сұранысқа ие, сондықтан, біз, әрине, осы материалдарды зерделеп, оны толықтыруымыз қажет. Тамыз айының соңында қосымша бірқатар қоғамдық марапаттар келіп түсті. Шұғыл түрде олардың ғылыми сипаттамасы жасалып, осы каталогқа енгізілді, - деп хабарлады Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күлайша Ақтаева.

Суретті католог тек мұражай қызметкерлері, зерттеушілер, педагогтар үшін ғана емес, сондай-ақ барша оқырмандарға қызықты және пайдалы болмақ.

«Елбасы туралы деректер. 1940 – 1960 жж.» каталогында Н.Ә.Назарбаевтың балалық, жастық шағы және алғашқы еңбек жолына қатысты қызықты мәліметтер мен деректер жинақталған. Каталогта Елбасының жеке архивіндегі сирек фотосуреттер мен құжаттар пайдаланылған.

«Бір белдеу – бір жол: Қытайдың геосаяси стратегиясы» атты сараптамалық баяндамада Ресей мен Қытайға қатысты Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттары жан-жақты көрсетілген. Бұл еңбекке Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова баға берді:

«Бір белдеу – бір жол» – Қытайдың сыртқы саяси стратегиясындағы өте ауқымды жоба. Баяндамада осы жобаны жүзеге асырудың негізгі қағидаттары мен стратегиялық мақсаттары айтылғандығымен, осы баяндаманың қолданыстағы сипаты мен маңызы – Қазақстан Республикасы Президентінің «Нұрлы жол» бастамасымен қатарластыра салыстыру жүргізілгендігінде. Осы бастаманың барлық Орталық Азия аймағындағы ықпалы туралы жан-жақты болжамдық-талдамалық баяндама ұсынылған. Автор бастаманың оң тұстарына ғана тоқталып қоймай, осы мәнмәтіннің дамуына қатысты теріс факторларды да атап өткен: Орталық Азия аймағындағы мемлекеттердің сыртқы саяси стратегиясындағы архитектоника тұрғысынан келгенде бірінші кезекте еуропалық және америкалық сыртқы факторлар мәнмәтінін ескере көшбасшылық үшін күрес екендігін ұсынады.

Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері Сағынтай Бердігұлова «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» - Ұлт жоспары» оқу құралын ұсынды.

Сонымен қатар, Ғылыми кеңес отырысы барысында басқа да еңбектер ұсынылды: қазақстандық патриотизм және Қазақстан халқы бірлігі туралы тәжірибелік құрал, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңының 25 жылдығына арналған ғылыми-қор жинағы,  музей сабақтарының жинағы.

Елбасы кітапханасының Ғылыми кеңесінің құрылғанына бір жылдан асты. Осы уақыт ішінде кітапхананың ғылыми қызметін үйлестіру бойынша көптеген жұмыстар атқарылды.

Ғылыми кеңес төрағасының орынбасары, Елбасы  кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов отырыстың тобықтай түйінін айтып, қорытындылады.

Кітапхананың қызметкерлері үнемі ғылыми ізденісте жүреді. Ғылыми кеңестің бір жылдық жұмысының нәтижесінде терең және сапалы зерттеулерге қол жеткізілді. Елбасының идеялары мен бастамаларын жүйелі зерттеу мен зерделеу – аса маңызды және жауапты жұмыс. Бұл жұмыстың нәтижелері - бүгінде отандық және шетелдік жұртшылық арасында сұранысқа ие және әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салалардағы мамандарды даярлауда мен оны жетілдіруде, сондай-ақ жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары үшін пайдалы болмақ, - деп атап өтті Әмірхан Мұратбекұлы.