Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде Назарбаев Зияткерлік мектебінде болды.

Саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Мұратбекұлын Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлымен бірге мектеп директоры Бахыт Жұматай қарсы алып, мектепті таныстырды.

Алдымен, Бахыт Әмірханұлы зияткерлік мектептің негізгі жұмысы мен оқушылардың жетістігі, түлектердің табысы және білім бағдарламасының шетелде мойындауы туралы ақпарат берді.

Мектепті аралау барысында қонақтар оқушылар әзірлеген ағаш, қыш бұйымдары мен кескіндеме суреттері қойылған шығармашылық көрмесін тамашалады. Содан соң, заманауи үлгіде жабдықталған кітапханада болып, 27 мыңнан астам қазақ, орыс және шетел жазушыларының кітап қорымен танысты.

Құрметті меймандар робототехника курсы бойынша да оқушылардың жұмыстарын көрді. 12-сынып оқушысы Владимир Коряк автоматтандырылған автожолдар қиылысын таныстырды. Оның айтуынша, «ақылды» жолдар жобасы көлік кептелісін азайтуға үлкен септігін тигізеді. Әмірхан Мұратбекұлы жас жеткіншектің жұмысын жоғары бағалап, тақырыптың өзектілігін атап өтті.

Биотехнология кабинетінде жас зияткерлер микробиологиялық синтез бен гендік инженерия салалары бойынша өздерінің зерттеулерімен бөлісті. Ал, болашақ нанотехнологтар медицина, криминалистика және өрт сөндіру қызметінде пайдалануға болатын тәжірибелерін көрсетті.

«Мемлекет сапалы білім алу үшін үлкен мүмкіндіктер беруде, – деді Әмірхан Рахымжанов. – Болашақта, ғылыми жаңалықтар мен инновациялық өнертабыстардың авторы болып, туған елдің дамуына аянбай еңбек ететіндеріңізге сенімдімін».

Экскурсия соңында қонақтар алдағы уақытта Қызылорда облысында ұйымдастырылатын «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында шаралар талқыланды. Елбасы кітапханасының өкілдері Зияткерлік мектепте мемлекет басшысының өмірі мен қызметін насихаттау арқылы оқушылардың көшбасшылық қабілеттерін арттыру мақсатында семинар-тренингтер өткізуді жоспарлап отыр.