Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы бірегей мәдени-ағартушылық, ғылыми-білім беру кешені ретінде елорда тұрғындары мен қонақтарының көзін еліктіреді. Көптің көңілінен шыққан мәдени орталық еліміздің өткені мен жарқын болашағын бейнелейтін қос ғимаратта орналасқан. Британ сәулетшісі Норман Фостердің жобасымен тұрғызылған «Назарбаев орталығы» қазіргі заман технологияларының озық үлгілерін бейнелесе, тәуелсіздік жылдарында Мемлекет басшысы қабылдаған маңызды шешімдердің куәгері болған Елбасы кітапханасының Музейі егемен Қазақстан тарихынан сыр шертеді.

 

Елбасы кітапханасының іс-шаралары мен көрмелері, жәдігерлері мен архив құжаттары баяндайтын Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтің тұлғасы, өмірбаяны мен қызмет жолы, идеялары мен бастамалары үлкеннің де, кішінің де қызығушылығын тудырады. Естеріңізге сала кетсек, таяуда «Әлем таныған Елбасы» фотогалереясы, «Н. Назарбаев – жаһандық янтиядролық қозғалыстың көшбасшысы» интерактивті көрмесі сынды тұрақты экспозициялар ашылған болатын.

Жаз айларында Кітапхананың қос ғимаратына келетін адамдардың саны 500-ден 1200-ге дейін өседі. Дәстүр бойынша бұл кезеңде экскурсияларға Қазақстанның түрлі облыстарынан келген оқушылар қатысады. Сондай-ақ, ұжымдық топтардан бөлек Кітапханаға келушілер қатарында отбасымен, немесе жалғыз келетін адамдар бар. Елбасы кітапханасының қызметкерлері ешкімді назардан тыс қалдырмайды. Келушілердің қалауы бойынша, оларға экспозицияларды өз бетінше асығыссыз зерттеу мүмкіндігі беріледі.

 

19 шілдеде Елбасы кітапханасымен танысуға Ақтау қаласының бүлдіршіндері келді.

– Мен Астанаға алғаш рет келіп отырмын. Аралаған жерлердің бәрі ұнады. Қалада көрікті орындар мен әдемі ғимараттар көп екен. Елбасы кітапханасында Президент туралы біраз мәліметтер алдық. Жәдігерлерден бізді әсіресе өзге мемлекет басшыларының Елбасыға тарту еткен сыйлықтары қызықтырды, - дейді 10 жасар Арай.

Алдияр 

Ал Ақтау қ. №20 ОМ 4 сынып оқушысы Алдиярдың айтуынша, балаларға «Олимпиада қозғалысы» көрмесі ерекше ұнаған.