11 шілде күні, 14-00 сағатта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында 

(Ә. Бөкейхан көшесі, 1) шет елдерде тұратын оқушы қандастарымыздың қатысуымен іс-шара өтеді.

Іс - шара аясында жас меймандар Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжановпен кездесіп, Елбасының балалық және жастық шағы туралы баяндайтын «Балалық шағымның аспаны» көркем фильмін тамашалайды. Сондай-ақ, жастарға Елбасы кітапханасының көрме залдары бойынша экскурсия жүргізіліп, естелік кітаптарын сыйға тарту жоспарланған.

Иран, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен келген жас бауырларымыздың Елбасы кітапханасына сапары «Ұлы дала ұрпағы» жазғы мектебі аясында жүзеге асады. Қазақстанға жоғарыда аталған мемлекеттерден 12-17 жас аралығындағы 170-тен астам жас келіпті. Іс-шара ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыздың бастамасымен құрылған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы «Отандастар қоры» КАҚ-мен бірлесе.

Балалар Жазғы мектепте музыка және қолөнер үйірмелеріне, жаратылыстану-математика пәндері бойынша лабораториялық жұмыстарға қатысу, Нұр-Сұлтан қаласының тарихи-мәдени орындары мен «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғат паркінде өтетін танысу экскурсиялары арқылы Қазақстан тарихы мен қазақ тілін, ұлттық құндылықтарымыз бен ұлттық мәдени мұрамызды тереңірек зерделеуге мүмкіндік алады.