11 шілде күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына шетелдегі қазақ диаспораларының балалары келді. Ресей, Иран, Моңғолия, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен Қазақстанға келген 175 оқушы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ұйымдастырған «Ұлы дала ұрпағы» жазғы мектебіне қатысу үшін келген.

Балалар Атамекенмен танысуды Елбасы кітапханасынан бастады. Олар Қазақстан тәуелсіздігі, Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметі туралы фотосуреттер мен архивтік құжаттардан тұратын экспозициялармен жан-жақты танысты. Жас қонақтармен Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов сұхбат құрды.

 «Сіздер бейбіт буынның бақытты өкілдерісіз. Атамекеннің топырағын басып, бабалар жерінің гүлденіп, көркейгенін, Қазақстанның биік шыңдарды бағындырып жатқанын көрдіңіздер. Дендеріңіздің сау, оқуларыңыздың жемісті болуын тілеймін! Бейбітшілік пен жасампаздыққа, дамуға бет алған лайықты азамат болыңыздар. Жақсылық көп болсын! Қазақстанға сапарларыңыз ұмытылмастай өтсін!», - деді, балаларға ақ тілегін арнаған Ә. Рахымжанов.

Кітапхана кинозалында жастар «Әділеттің ақ жолы», «Бейбітшілік кіндігі», «Еуразия жүрегінде» атты Елбасының шығармалары желісімен түсірілген  «Балалық шағымның аспаны» көркем фильмін тамашалады.

Елбасы кітапханасынан естелік ретінде балаларға «Біздің Президент» кітабы тарту етілді.

Ираннан келген Истгалды Хасти

«Қазақстанның астанасы бәрімізге ұмытылмас әсер қалдырды. Екі жылдан соң мектепті бітіремін, болашақта дәрігер болсам деймін. Осы мақсатта Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғарғы оқу орындарының біріне түскім келеді. Келешек өмірімді осы елде елестетемін. Мұнда, оның ішінде туыстарым тұратын Ақтау қаласы қатты ұнады».

Қырғызстаннан келген Дария Туғамбекова

«Нұрсұлтан Назарбаев барша әлемге танымал. Оның бастамасымен салынған Елорда әсемдігі мен қарқынды дамуымен көз еліктіреді. Қай жерде жүрсем де Отаным мәңгі жүрегімде. Қазақ мәдениеті мен әдебиетін, көшпенділер философиясын ұнатамын. Бізге тән бұл ерекшелігіміз қазақ екенімізді кез келген жерде, төлқұжатымыздың түсіне қарамастан бірден білдіріп тұрады».

Моңғолиядан келген Айгерім Мандат

«Моңғолияда оқушылар қазақ тілін 7 сыныпқа дейін оқиды. Бұған қарамастан біз үй ішімізбен үнемі қазақша сөйлеп, салт-дәстүрлерімізді сақтап келеміз. Мысалға, әулетіміз тұсаукесерге аса мән береді. Наурыз мерекесін де ұнатамыз. Күн мен түн теңелген күні ет асып, үйге қонақ шақырғанды жақсы көреміз».

«Ұлы дала ұрпағы» жазғы мектебінің бағдарламасы «Отандастар қоры» КАҚ, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы қолдауымен жүзеге асуда. Бұл бағдарламаға Қазақстан тарихы мен қазақ тілін меңгеру, ұлттық салт-дәстүрлерді зерттеу кіреді. Жастарды Нұр-Сұлтан қ. көрікті жерлері бойынша экскурсиялар күтуде. Олардың назарына «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғат паркі, «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені, ашық аспан астында орналасқан «Бозоқ» археологиялық-этнографиялық музейі және т.б. ұсынылады.

Сонымен қатар жастарға ұлттық аспаптарды тартудың, сәндік-қолданбалы өнердің, ұлттық бидің шеберлік сыныбы ұйымдастырылады. Олар жаратылыстану, математика бағыттары мен роботехника, дизайн бойынша STEM оқуына қатысып, арнайы тренингтер барысында көшбасшылығы мен сөз шеберлігін дамыта алады.