2019 жылғы 2 шілде күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында «Крок да Перамогi» («Жеңіске қадам») сурет көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Беларусьті неміс-фашист басқыншыларынан азат етудің 75-жылдығына арналған көрме Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үн қатысу» халықаралық жобасы аясында Қазақстан Республикасындағы Беларусь Республикасының Елшілігімен бірлесе Нұр-Сұлтан қаласындағы Ресей ғылым және мәдениет орталығы Өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

«Жеңіске қадам» көрмесінде петербургтік фотосуретші, Ленинград құрсауын, әскери Мәскеу, батыр-қалалар: Киев, Одесса, Севастополь, Керчь, Минск, Брест, Жеңісті қарсы алған қалалар: Берлин, Прага, Вена туралы баяндайтын сурет реконструкцияларының көптеген топтамаларының авторы Сергей Ларенковтың 40-тан астам жұмысы ұсынылды.

Автордың фотореконструкцияларында  өткен мен бүгінгі күннің оқиғалары бір бүтін дүниеге біріктірілген, бұл тосын әсерді байқатады. Көрермен өзін оқиға орнында жүргендей сезінеді, тарихты бүгінгі күннің күнделікті өмірі арқылы көруге  мүмкіндік алады.

Көрменің ашылуына Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов, Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Анатолий Ничкасов, Ресей Федарациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин, Нұр-Сұлтандағы Ресей ғылым және мәдениет орталығының директоры Константин Воробьев, мәдениет қайраткерлері мен қоғам өкілдері қатысты.

- Автор өз ісіне шығармашылық тәсілден де артық ірі зерттеу жұмысын жүргізген. Сергей Ларенковтың адамдарға, оқиға орнына және дәуірге деген аса сезімталдығы оның суреттеріндегі өткірліктің жоғары деңгейіне жетуіне мүмкіндік береді. Әрбір фотореконструкцияға көрермендердің үн қатуы осыдан. Әрқайсыңыз көрмемен танысқаннан кейін осы айтқаныммен келісесіздер деп ойлаймын. Посткеңестік кеңістікте Ұлы Отан соғысының зардабы тимеген бірде-бір отбасы жоқ. Соңғы 30 жыл бойы Отанымыз бөлек болса да, сонау сұмдық соғыс туралы естеліктер бәрімізге ортақ. Музейдің, қазіргі Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасы бізге кезекті рет жүздесіп, маңызды тақырыптарға сөз қозғауға мүмкіндік береді, - деп атап өтті көрменің ашылуында Әмірхан Рахымжанов, сондай-ақ ол А.И. Ничкасовты және Елші арқылы барша белорус халқын келе жатқан Беларусь Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

- Осыдан 75 жыл бұрын Ұлы Отан соғысында ғана емес, барша адамзат тарихындағы ең ірі әскери операция - «Багратион» белорус шабуыл операциясы басталды. «Багратион» операциясын өткізу барысында «Орталық» атты неміс әскерлерінің тобы күл-талқан болып, жеңіліске ұшырады. 1 шілдеге қараған түні Қызыл әскер құрамасы Борисовқа бұзып-жарып кіріп, таңсәріде қаланы азат етті. 1944 жылғы 3 шілдеде Беларусь астанасы азат етілді. 1996 жылы беларусь халқы үшін осы атаулы дата Парламент пен Беларусь Республикасы Президентінің шешімімен Беларусь Республикасының Тәуелсіздік күні ретінде таңдалды, - деген Анатолий Ничкасов неміс-фашист басқыншыларынан Беларусьті азат ету тарихын баяндады, сондай-ақ ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасына, Ресей Федерациясы Елшілігіндегі әріптестері мен Ресей ғылым және мәдениет орталығы Өкілдігіне көрмені ұйымдастыруға қолдау көрсеткендері үшін ерекше ризашылығын білдірді.

- Қазақстандағы ресей өкілдері атынан белорус достарымызды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын және біздің қазақстандық достарымыз - Елбасы кітапханасын да аса қызықты көрмені өткізуге алаң ұсынғаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Анатолий Ивановичтің Белоруссияны азат ету туралы тарқата айтқан әңгімесі жүрегімнен терең орын тапты. Аталған оқиғамен барлығымыз - белорустер, ресейліктер және қазақстандықтар, жалпы бұрынғы Кеңес Одағының барша халқы мақтана алады. 1941-1945 жылдардағы кеңестік майданда неміс-фашист әскери машинасының қырқасы сындырылды ... Бұл көрме - кеңес адамдарының туған жерінің әрбір қарыс жерін қорғаудағы ерліктерінің куәсі, - деп атап өтті Александр Бородавкин.

«Жеңіске қадам» сурет көрмесі  2019 жылғы 2 тамызға дейін жалғасады (Нұр-Сұлтан қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11)