Бүгін Елбасы кітапханасында Орталық Азия БҰҰ моделінің «ХХІ ғасырдағы жаппай қырып-жою қаруын таратпау: Иранның ядролық бағдарламасы және Таяу Шығыстағы бейбіт өмір» тақырыбындағы сессиясы ашылды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы моделі – студенттер мен жоғары сынып оқушыларының қатысуымен өтетін ғылыми конференция мен рөлдік ойындардың жиынтығы. Оның барысында жастар БҰҰ-ның ресми тілдерінде аталмыш ұйым органдарының жұмысын жаңғыртып, дипломатиялық, көшбасшылық, шешендік және тілдік машықтарды дамытуға, ымыраға келуге үйренеді.

Іс-шараны ашу барысында Ә.Рахымжанов Орталық Азия БҰҰ моделінің жобасын Елбасы кітапханасы мен «ЕХРО еріктілері: e-generation» қоғамдық бірлестігі 2017 жылы ұсынғанын атап өтті. Бұл кезеңде Қазақстанның БҰҰ құрамына кіргеніне 25 жыл толып, еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылғы тұрақты емес мүшесі ретінде сайланды.

Былтырдың өзінде Елбасы кітапханасында «БҰҰ моделі» бойынша 4 конференция өткізілді. Олардың барлығы дүниежүзілік өзекті мәселелерге бағытталып, жетекші жоғарғы оқу орындарының 200-ден астам студентін қамтыды.

– Бұл конференциялар жастар көңілін әлемнің негізгі мәселелеріне аударып, БҰҰ мен халықаралық қарым-қатынастар құрылымын түсіндіре білді. Соның арқасында «БҰҰ моделі» әлемдік жастар қозғалысына деген студенттердің қызығушылығы артты. БҰҰ моделі халықаралық желісіне біріктірілген қозғалыс жастардың отансүйгіштік қасиеттерін дамыту және жастар қоғамын халықаралық дипломатия жүйесіне тарту жөніндегі Елбасының идеясын қолдайды. Қоғамдық дипломатияның бұл үлгісі жастар арасындағы Қазақстанның оң имиджін қалыптастырмақ, - деп белгіледі Әмірхан Мұратбекұлы.

Оның сөзінше, болашақта тұрақты жұмыс істейтін халықаралық алаңның, яғни Астанадағы жастар саясатының еуразиялық хабын құру мақсаты көзделіп отыр.

Иран Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моджтаб Дамирчилу мәселелерді шешу ісінде келіссөздер ережелерін сақтаудың кез келген мемлекет пен қоғам өміріндегі маңыздылығын белгілеп, күрделі халықаралық мәселелер барысында саяси-дипломатиялық жол таңдаудың ең дұрыс шешім екенін атап өтті.

– Біз Иран ядролық бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан келіссөздерге, сондай-ақ аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қосып жатқан мемлекеттеріңіздің үлесін бағалаймыз, - деді ол.

«Жаңа Жібек жолы» БҰҰ моделі» бағдарламасының атқарушы директоры, Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазов Біріккен Ұлттар Ұйымының жастармен жұмысы жөнінде сөз қозғап, жаһандық қозғалыс – БҰҰ моделі, «Жібек жолы» БҰҰ моделінің» Қазақстан мен аймақтағы жұмысы жөнінде баяндама оқыды.

– Дүние жүзінде 7,5 миллиардтай адам бар. Оның 30 пайызынан астамы – 25 жасқа дейінгі жастар. Олардың үмітін, ХХІ ғасырдағы сын-тегеуріндерді шешу жөніндегі инновациялық амалдарын естіген маңызды, - дейді Рафис Фанис-оглы.

Ғалым Елбасы кітапханасымен бұрыннан таныс екенін алға тартып, мекеменің жастармен жұмыс істеуге, сондай-ақ кейінгі буынды елдің қоғамдық-саяси өміріне тартуға, мемлекеттің болашағы мен даму стратегиясын талқылауына көңіл бөлетінін белгіледі.

Іс-шара қатысушылары БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш, БҰҰ-ның Қазақстандағы Қоғамдық ақпарат департаментінің өкілі Властимил Самек сынды абыройлы азаматтардың бейне жолдауын тамашалады.

Сарапшылар отырысы мен ОА БҰҰ моделі сессиясына Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, ҚазГЗУ, «Мирас» университетінің студенттері, «Dilomatic Alliancе» студенттер ұйымы, «Жас Ұлан» БЖҰ, «Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ, «Астана қаласы жастарының іскер кеңесі» ЖҚБ, «Мәдени Қазына – Тарихқа тамшы» БҚ, т.б. өкілдері қатысты.