Елбасы кітапханасы музейінде «Елбасы жолы. Бейбітшілік кіндігінде» көркем фильмінің түсірілімі басталды. Қазақстан Президенті туралы кино топтамасының алтыншы фильмінің режиссері Ақан Сатаев. Фильмде Қазақстанның жас елордасы – Астананың 1994 жылдан бүгінге дейінгі даму тарихы суреттеледі.

Ауқымды картинаның түсірілімі елордамызды Алматыдан Астанаға ауыстырғаннан кейінгі Президент Н. Ә. Назарбаевтың алғашқы резиденциясы – Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында өтетіні заңды. Осы Резиденцияда Мемлекет басшысы 1997–2004 жылдары аралығында жеті жыл бойы жұмыс істеген. Мұнда жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер өткізіліп, еліміздің тағдырына қатысты шешімдер қабылданды. Алғашқы кейпінде сақталған Мемлекет басшысының кабинеті, қабылдау және отырыс залдары сол жылдардағы жұмыс күндерін елестетеді.

Түсірілім процесінің кестесімен келісу, Резиденцияның алғашқы көрінісіне реконструкция жасау, реквизит ретіндегі заттарды дайындау, түсірілім тобының өкілдеріне техникалық бөлме дайындау мәселелері бойынша бірнеше айға созылған келіссөздерден кейін 2017 жылдың қарашасынан Елбасы кітапханасы музейі ғимаратында дайындық жұмыстары басталды.

– Мен және біздің түсіру тобымыз үшін осындай жобада жұмыс жасау үлкен мәртебе. Фильм көпшілік қауымға арналған. Менің ойымша, жоғары буын өкілдері мен жастарға да қызықты болады. Фильмнің тартымды әрі шынайы болуына барлық күшімізді саламыз. Елбасы кітапханасының басшылары мен қызметкерлеріне жобаға көрсеткен көмектері мен қолдаулары үшін зор алғысымды білдіремін, – деді Ақан Сатаев.

Экранда Нұрсұлтан Назарбаевтың образын театр және кино актеры Мұрат Ахманов сомдайды. Сонымен қатар фильмге Еркебұлан Дайыров, Жан Байжанбаев және басқа да белгілі әртістер қатысады. Киноэпопеяның кезекті фильмін түсіруге британдық гример, «Оскар» сыйлығының иегері Марк Кульер шақырылды.

Еске түсірсек, алғашқы төрт бөлімнің қойылымымен Рүстем Әбдірашев, ал бесінші «Жұлдыздар тоғысқанда» бөлімімен ресейлік қоюшы-режиссер Сергей Снежкин айналысқан болатын. Жаңа фильмді прокатқа шығару осы жылдың желтоқсан айына жоспарланып отыр.