ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА ЕЛІМІЗДІҢ МЕКТЕП БАСШЫЛАРЫ БАС ҚОСТЫ

Еліміздің жалпы білім беретін ұйымдарының 240 басшысы Назарбаев  орталығына келіп, Елбасы кітапханасы ғылыми қызметкерлерінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты Елбасының мақалаларына арналған  дәрісін тыңдады.

  

«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығында еліміздің мектеп директорлары ҚР білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында жалпы орта білім беру саласын жаңғыртуды қамтамасыз етуге бағытталған «Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептеріндегі көшбасшылық және басқару» бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. Бағдарламаның мақсаты – білім беру тәжірибесіндегі үздік әлемдік педагогикалық тәсілдер негізінде Қазақстан Республикасының жалпы білім беру ұйымдарының басшыларын кәсіптік деңгейде дамыту. 

Қаншама жылдан бері  білім саласында қызмет етіп жүрген мектеп басшылары Елбасы кітапханасында өткен дәрістің ерекшелігіне тоқталып, алған әсерлерімен бөлісті. 

– Елордадағы Елбасы кітапханасына келіп, осы мекеменің ғылыми қызметкерлерінің дәрістерін тыңдадық. Қанша жылдан бері білім саласында жүрген  қызметкер ретінде айтарым, осы мекеменің лекторлары өте білікті мамандар екен. Дәріс барысында Елбасының ел дамуы үшін атқарған істері мен сарабдал саясаты туралы толыққанды мағлұмат алдық. Бұл оқу курсының  ерекшелігі –  мұндағы лекторлар біздің санамызға төңкеріс жасап, бұрын білсек те, аса мән бермей жүрген мәліметтерді тайға таңба басқандай етіп жан-жақты тарқатып жеткізе білді. Тағлымды дәрістен кейін өзіміздің кемшін тұстарымызды түсіндік. Ойымыз өзгерді. Енді осы жерден алған ақпараттарымызды өз өңірімізде таратып, күнделікті ісімізде қолданатын боламыз,-деді Қостанай қаласындағы Ғ.Қайырбеков атындағы № 9 орта мектептің директоры Әсемхан Молдахалықов.

Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Бидайық жалпы орта білім беретін мектептің директоры Бақыт Шибұтова кітапханадағы Елбасының шығармашылығына  баса назар аударғанын атап өтті.

«Мекеме қызметкерлерінің Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары бойынша даярлаған дәрістерін тыңдап, мол тәжірибе жинадым. Лекторлардың бір ақпаратты сараптап, тарқатып түсіндіретіні қатты ұнады. Жұмыс барысында осы әдісті ұстанатын боламын. Тағы тоқталғым келгені, мұнда Тұңғыш Президентіміз туралы кітаптар өте көп екен. Біздің мектеп кітапханасында жоқ кітаптардың атын жазып алдым. Алдағы уақытта мектеп оқушылары да осы бағалы шығармалармен танысса деген ниеттемін». 

 Елбасы кітапханасында 26 ақпаннан  басталған оқу курсы бүгін аяқталды. Дәріс соңында мектеп басшыларына арнайы сертификаттар табыс етілді.