ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА ҒЫЛЫМИ КЕҢЕС ӨТТІ

Елбасы кітапханасы ғылыми еңбектер мен әзірлемелер жинағын баспаға дайындауда. Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжановтың төрағалығымен өткен ғылыми кеңес отырысында бірнеше еңбек қаралды. Олардың ішінде «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев: мемлекеттік басқарудың стратегиясы және лидерлік феномені» ғылыми бағдарламасының «Қазақстан заманауи кезеңде» ғылыми жобасын жүзеге асыру аясында дайындалған «Ядролық қаруды таратпау мен қарусызданудың жаһандық үдерістеріндегі Н.Ә.Назарбаевтың рөлі» атты еңбек те бар.

Аталған басылым ядролық қарудан азат аймақ құру туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамалары тұрғысынан жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтудағы Қазақстанның конструктивті үлесін ашады. Әмірхан Рахымжанов жинақтың құндылығы - Елбасының жеке архивінен алынған, өзі қойған белгілері бар құжаттары негіз болуынан екендігін атап өтті.

«Кітапхананың ғылыми-зерттеу бағыты – оқырман назарына тұрақты түрде тың да қызықты деректерді ұсынатын терең зерттеулер. Елбасы кітапханасының қорындағы барлық материалдар тарихи құндылықтарға ие және Тұңғыш Президенттің ауқымды қызметін ашуды мақсат ететін жинақтарда толық көрсетілген» - деді Ә. Рахымжанов.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Күләйша Ақтаева қаралған басылымдарға қатысты түсіндірмесінде: «Біздің мекеменің бірегейлігі – қорлық жинақтарымыздағы бай материалдарды толыққанды пайдалануымызда. Кітапхананың бай қоры келушілердің оң назарына ілігіп, айналымға құжаттық қана емес заттық жәдігерлер де енгізілуде. Бұл үнемі үлкен қызығушылық тудырады», - деді. 

«Жастар – ел болашағы» ғылыми-қорлық жинақта жастар мен білім беру саясатын жасақтаудың негізгі бағыттары мен кезеңдерін баяндайтын ақпарат ұсынылған. Кітапхананың музейлік жинағы топтамасындағы әрбір жәдігер тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихының жарқын куәгері іспеттес. Жинақта асыл металдар мен тастар, нумизматика, кәдесыйлар, жұмсақ құрал-сайман, бейнелеу өнері, сондай-ақ материалды мәдениет топтамаларынан жәдігерлер ұсынылған.

Аталған жинақта Қазақстанның жастар саясатына арналған тақырыптық көрмені ұйымдастыру бойынша материалдар экспонатурасын ұсынумен толыққанды әдістемелік әзірлеме ұсынылған. Жинақ авторлары топтама жәдігерлері жөнінде қысқаша ақпаратпен шектеліп қоймай, көрме ұйымдастыру үшін аталған материалдарды пайдаланудың түрлі нұсқаларын  ұсынған.

Ғылыми кеңес мүшелері конструктивті пікірлерін ортаға салып, күн тәртібіндегі барлық мәселелерді қарады.